Жарнама
Жаңалықтар

ӘКЕНІҢ ОРНЫ БІР БӨЛЕК

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қала және аудандардан келген белсенді әкелер бас қосты. 2011 жылдан бүгінге дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келетін әкелер слетінің «Әке – жауапты лауазым» деп аталуы да тегін емес. Осынау игі шара шымылдығын жоғарыда аталған комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева ашты. — Өткен жылы Елбасы тапсырмасына орай 2015-2020 жылдарға арналған бірқатар жалпыұлттық шаралар легі бекітілген болатын. Облысымыздың білім беру ұйымдары жанынан әкелер кеңестері құрылып, жергілікті басқарма, ұйымдармен қоян-қолтық жұмыстар атқарылып келеді. Ендеше, абыройлы әке, инабатты ана, тәрбиелі ұрпақ көші үзілмесін! — деді ол.

Келесі болып сөз алған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова мемлекетіміз жүргізіп отырған отбасылық саясат — қоғамның әлеуметтік негізі екендігін атап өтті. — Үйдің түтіні түзу шықса, қоғамда да тыныштық орнайды. Президент жанындағы ұлттық комиссия ер азаматтарымыздың мәртебесін көтеру бағытында жұмыстанып келеді. Ақсақалдар мен ардагерлер кеңестері кестеге сай қызмет етуде. Әкелердің қоғамдық қозғалысы да жалғасын табуда. Облыстағы 176 мектепте ұлдар және 174-інде әкелер кеңестері жұмыс жасайды. Оның ішінде төменгі сынып оқушыларына гигиена, спорт, ал орта сыныпта жеке тұлғаның қабілетін дамыту, сондай-ақ жоғары сыныпта патриоттық тәрбие, мамандық таңдау мәселесі бойынша шаралар ұйымдастырылады, — дейді ол. Нәтижесінде, дайындалған семинар баяндамаларынан кітапша басылып, тәжірибе ретінде таратылатынын білдік.

Облыстық әкелер сайысында Сұлтанмұратов, республикалық байқауда Тәжібаевтар әулеттері бас жүлдеге қол жеткізді. Слет барысында бұрынғы ақсақалдар клубы мен әкелер мектебін қайта жандандыру қажеттігі жөнінде ұсыныс айтылды. №12 мектептің белсенді оқушысы, талай ғылыми-шығармашылық байқаулардың  жеңімпазы Жантас Қайратов облыстағы ұлдар кеңесінің жұмыстарына тоқталды.

«Үздік әке» облыстық сайысының жеңімпаздарының қатарында қаладан Нұрлан Дакиев, Назарбаев зияткерлік мектебінен Бекболат Латипов, ал аудандардан жылыойлық Сырлыбай Қоңқаш, Индерден Сапарғали Төлегенұлы, Исатайдан Тұрлан Қарасов, Қызылқоғадан ең жас әке Дастан Жұмахметов, Құрманғазыдан Қайрат Сейфуллин, Мақаттан Руслан Баймұқашев және Махамбеттен Болат Көшмағамбетовтердің есімдері аталды.

Соңында облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев слет аясында ұйымдастырылған әлеуметтік бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Олардың ішінен Құрманғазы ауданынан Дина Нұрпейісова атындағы, Жылыойдан №19 және Индерден Мұрат Мөңкеұлы атындағы мектептердің әкелер кеңесінің жетекшілері алға шықты.

Амандық АБДОЛОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button