«Әкемнің қайда жерленгенін білмеймін» дейді репрессия құрбанының ұрпағы
Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы сөз болса, менің көңілім бұзылады. Өйткені, біздің жан əкеміз — Қойшыбай Есенбайұлы елдегі саяси əділетсіздіктің құрбаны болды.
Марқұм 1885 жылы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында дүниеге келген екен. Бала күнінен зерек, білімді жігіт жас ұрпақты білім нəрімен сусындатқан ұстаз болған. Өз дəуірінің ғұламасы атанған Халел Досмұхамедовпен бірге жүрген.
Кейін Оралдағы дəрігерлік-фельдшерлік білім ордасын аяқтап, дəрігерлік қызмет атқарған. Сол кездегі ел арасындағы ауыр кесел — оба мен шешекті емдеген. Əкеміздің əкесі, біздің атамыз — Есенбай би болған адам. Жетім-жесір мен əйел теңдігіне қатысты туындаған мəселелерді шешуге атсалысқан.
Ел арасында жүргізген осындай еңбегі ескеріліп, əкеміз 1949 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, ҰОС медальдарымен марапатталады. Мұны бірге жүрген жора-жолдастары көре алмайды. «Қойшыбай орденді «темір» деп айтты!» деген сөз таратып, ол билік басындағылардың құлағына жетеді.
Не керек, осы сөз əкемізге «қара таңба» болып жабысады. Оны 1951 жылы халық жауы ретінде он жылға соттап, Ақтөбедегі түрмеге жібереді. Əкеміз түрмедегі азап пен қорлықтан, əсіресе, жазықсыз жаладан 1952 жылы қайтыс болады…
Біз əке-шешемізден үш ұл, төрт қыз едік. Түрмеге кетерінде əкеміз марқұм бізді анамыз Қалимаға, үлкен ағамыз Жақсығалиға мықтап тапсырады. «Тірі адам тірлігін жасайды» демей ме, Алла қолдап, бəріміз де есейдік, шаңырақ көтердік. 1962 жылы Қаз ССР Жоғары сотының шешімімен əкеміз ақталған соң, біз де басымызды тіктеп, еркін тыныстадық.
Өмірлік қосағым, мұнай саласының инженері — Мыңжасар Қабдоловтың қолдау-көмегімен əкеміздің құжаттарын іздеп, таптым. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына арналған талай басқосуларға қатыстым. Ал, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осынау күнге орай Үндеу жариялап, біздің көңілімізді тағы да көтеріп отыр.
Мен əкемнің өз дəуірінің көзі ашық, көкірегі ояу адамы болғанын, сонымен бірге, Зейнолла Қабдоловтай, Салық Зимановтай азаматтарға ұстаздық еткенін мақтан тұтамын. Бір өкініштісі сол, əкеміздің сүйегі қайда — белгісіз…
Иманыңыз жолдас болсын, жан əке, сіз — біздің жүрегіміздесіз…
Ақжай ҚОЙШЫБАЕВА,
қызы, Атырау қаласының тұрғыны.