Жарнама
Жаңалықтар

«Әке — әулетті көтерер ер»

Атырау қаласындағы Абай орталығында 16 маусым — Әкелер күніне орай ұйымдастырылған облыстық семинар осылай деп аталды.

Облыстық білім беру басқармасының ұйытқы болуымен, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен өткен бұл шараның басты мақсаты — әкелердің қызметін жандандыру, қоғамда белсенді, үлгілі отбасы, балаларының жанашыры болып отырған жалғызбасты әкелерге қолдау көрсету.
Өз кезегінде Атырау облысы бойынша білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова басқосудың мазмұны мен маңызына тоқталды. Семинардың шымылдығы «Сырласу» (Құнанбай мен Абайдың диалогы) тақырыбындағы шағын сахналық қойылымымен ашылды.

Келесі кезекте Атырау көлік және коммуникация колледжінің «Бозбала» әскери-патриоттық клубының сарбаздары «Ел қорғаны – ер аманаты» тақырыбына тоғыстырылған әскерде қолданылатын қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Одан соң Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат Хабаров «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді», Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов «Ұлыңды ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле», Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали «Әке-отбасының тірегі» тақырыптарын тарқатты.

Сонымен қатар «HALYK LIFE» өмірді сақтандыру компаниясы Атырау филиалының бас менеджері Асылбек Мұхтаров «Әрбір әке қаржылық жағынан сауатты болуға міндетті», педагог, «Бағдаржол: күнделік және жоспарлау» жобасының авторы Шота Қанатов «Өскелең ұрпақты жаңа тәсілдермен тәрбиелеу» тақырыптарында әңгіме тиегін ағытты. Соңында сазды сәлем жолданып, Д.Нұрпейісова атындағы музыка Академиясы жанындағы балалар саз мектебінің шәкірті Алнияз Ермеков «Менің әкем – ең жақсы адам» әнін шырқады.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button