Жарнама
Жаңалықтар

«Ақ жол» ардагерді іздеп келді

Жеңіс күніне орай, Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермекқали Юсупов пен аталмыш ұйым белсенділері, саяси кеңес мүшелері Ұлы Отан соғысының он бес ардагерінің шаңырағында болды.

Алдымен, аталмыш топ ардагер Николай Аңдақұловты мерекемен құттықтады.

— Кешегі сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 71 жыл толып отыр. Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Біз сіздердің сол жылдардағы ерлік пен елдікті танытқан қайсарлықтарыңызға бас иеміз, — деген партияның облыстық филиалы төрағасы Ермекқали Юсупов ардагерге күні кеше жарыққа шыққан «Алаш мұраты – мәңгілік ел» кітабы мен ақшалай сыйлығын және гүл шоғын табыстады.

Өз кезегінде Николай Ахметұлы жылы лебіздерін жеткізген жандарға ризашылығын білдіріп, естеліктерімен де бөлісті.

— Менің есімім, негізінен, Кенжеғали болатын, — деп бастады ардагер, — сол сұрапыл соғыс жылдары Венгрияны азат етуде қатты жараланып, №505 госпитальде жатқанымда емдеуші медбикелер атымды сұрады. «Кенжеғали» десем, ешқайсысы түсінбейді. Ол кезде қолымызға лақап атымызды қажап жазатын едік. Менде Коля деп жазулы тұрды, әлі де бар. Қасымда ем қабылдап жатқан солдат көрген болуы керек, «оның аты Коля» демесі бар ма? Содан атым Николай атанып, құжаттарымның бәрі сол есіммен толтырылып кетті. Бүгінде балаларымның тегіне дейін «Николайқыздары» деп жазылып жүр.

Одан кейін Ермекқали Төлепқалиұлы бастаған топ Ұлы Отан соғысының ардагері Гүлжамал Әбдірахманованың шаңырағына келіп, ізгі ниетке толы ыстық ықыласын арнады.

Гүлжамал Әбдірахманова – қоғам қайраткері, ардагер-ұстаз Сабыр Қазыбаевтың жары. Бала кезінде дәрігер болуды армандаған ару мектеп бітірген жылы майданға – Қиыр Шығысқа аттанады. Отан қорғаушылар қатарында 25 армияның 121 батальоны  байланысшысы болады. 1945 жылы елге оралып, ұзақ жыл «Ембімұнайгаз» кәсіпшілігінде есепші болып қызмет еткен, тіпті 70 жасқа дейін жұмыстан қол үзбеген.

Құттықтау легі әрі қарай облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде жалғасты. Мұнда да мекеменің тұрғыны, ардагер Николай Славовты құттықтап, сый-сияпаттарын ұсынды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button