Жарнама
Жаңалықтар

Айыппұл қоқысты азайта ала ма?

Облыс көлемінде 79 қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар болса, олардың тек 8-і ғана экологиялық рұқсат құжаттарын алған, ал қалған 71 полигон заңсыз жұмыс істеп отыр. 2024 жылы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін салынған айыппұл көлемі 1,4 млн. теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,1 млн. теңгеге жеткенімен, жағдай айтарлықтай жақсармаған. Қоқыс орындары экологиялық нормаларға сай келмейді, ал жабдықтар мен материалдық-техникалық базаның жетіспеуі мәселені одан әрі ушықтыруда.

15872210 66e9 4d5d 8279 190570d34928

Облыс бойынша экология департаменті ұсынған соңғы мәліметтер өңірдегі қоқыс мәселесінің қаншалықты күрделі екенін көрсетіп отыр.
Бұл туралы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстар және Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтар жасаудың 2021-2025 жылдарға арналған «Өңірлік» жоспарлары қозғалған жиында айтылды.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өз сөзінде тұрғындар мен кәсіпкерлерді біріктіріп, қала мен ауылдың тазалығы үшін нақты шаралар ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Ол алғашқы қадам ретінде жеке кәсіпкердің бастамасымен Исатай ауданында өткізілген сенбілікті мысалға келтірді. Бұл шарада балалар пластик қалдықтарын жинап кәсіпкер оларға балмұздақтар таратқан. Осылайша балалар мен жастарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

7b2af7da cc1f 4434 b504 06085924d97a

Әкім орынбасарының айтуынша, мұндай жұмыстарға кәсіпкерлерді тарту маңызды. Бұл, бір жағынан, тұрғындарға үлкен мотивация болса, екінші жағынан, халықтың бойында дұрыс әдет қалыптастырады. Себебі, қоғамда қалыптасқан жауапсыздық – темекі қалдықтарын, шемішке қабықтарын кез келген жерге тастау, қаланы ластау сияқты жағдайлар әлі де бар. Мұндай мәдениеттен арылу үшін тек айыппұлмен шектелмей, халық арасында насихат жұмыстарын күшейту керектігі айтылды.
Сонымен қатар, әкім орынбасары аудан және қала әкімдіктерінің жұмысы осы бағытта күшейтілуі тиіс екенін жеткізді. Әсіресе, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану маңызды. Себебі бүгінгі жастар Instagram, Facebook сияқты желілерде белсенді отырады. Осы арқылы экологиялық бастамаларды кеңінен насихаттап, әр ауыл, аудан деңгейінде қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді іске тарту қажет.

4024bc8b fb26 46b4 af8d 59462b004165

Мысал ретінде, облыстағы белсенді топтардың, жастардың ықылас білдіріп, өз ауылдары үшін пайдалы бастамаларды көтеруі мүмкін екенін айтты. Бұл шаралар тек сенбіліктер ғана емес, әр көше мен аулада тұрақты түрде жүргізілетін мәдени іс-шараларға ұласуы тиіс.
Облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіп биыл ғарыштық түсірілім арқылы облыс аумағынан 40 рұқсатсыз қоқыс орны анықталғандығын айтты.
– Оның ішінде тек 22-сі ғана жойылған. Атырау қаласында 19 қоқыс орны тіркелгенімен, оның бесеуі ғана тазартылған. Жылыой ауданында 13 қоқыс орны түгел анықталып, ресми есеп бойынша толық жойылды делінген. Дегенмен бақылау сапасына қатысты күмән туындайды. Махамбет ауданында жеті қоқыс орнының үшеуі ғана жойылған, ал Мақат ауданында бір заңсыз қоқыс орны анықталып, ол да сол күйінде қалып отыр. Бұл жағдайға байланысты биыл жеті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында ауылдық округ әкімдері, кент орынбасарлары және жеке кәсіпкерлер бар. Барлығы 285 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелгенімен, бұл сома өңірдегі экологиялық зардаптың салмағына мүлде сәйкес келмейді, — деді Асқар Болатұлы.

Экология департаменті мәселені шешу үшін экологиялық талаптарға сәйкестендіру бағытында бюджеттен қаржы бөлуді, полигондарды арнайы қоршаумен қамтамасыз етуді, өрт сөндіру жабдықтарын орнатуды, қоқыс газына мониторинг жүргізуді және дозиметрлік бақылау мен өлшеуіш аспаптарды енгізуді ұсынып отыр.
Атыраудағы қоқыс мәселесі тұтас қоғамның ортақ проблемасына айналғаны анық. Жыл сайын айыппұлдар салынғанымен, заңсыз қоқыс орындарының азаймауы бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Әкімдердің айыппұл төлеуі уақытша шара ғана, түбегейлі шешім емес. Егер нақты әрі қатаң қадамдар жасалмаса, Атырау облысы алдағы жылдары экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін.

56f4eff8 6b96 4057 9ba4 c10094ac619b

Өңірлік жоспарға сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында облыс орталығы мен барлық 7 аудан аумағында 275 гектар жерге 540 мың түп ағаш отырғызу көзделген.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл қалиеваның мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында аталған жоспар аясында 212 гектар аумаққа 394 мың дана ағаш көшеті егілген.
Облыс әкімінің орынбасары осыған байланысты жергілікті компанияларды жүйелі түрде тартып, әкімдіктер тарапынан нақты жұмыстар атқарылуы қажет екенін айтты.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button