Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Индер ауданының тұрғындарымен кездесті
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму жоспары талқыланды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Серік Шәпкенов жиында ауданда атқарылып жатқан істер туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» тас жолының құрылысы көңіл көншітпейтінін айтты.
— Ауданға келе жатқанда арнайы тоқтап, «Атырау-Индер» тас жолының жағдайын көріп келдім. Жүк көліктерінің кесірінен асфальт бұзылған. Бұл жолмен өзіміз қатынаймыз, сондықтан күтіп ұстау маңызды. Тас жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы бақылау камерасы бар полиция көліктерінің санын көбейтеміз. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар тас жолдың ауданға қарасты 50 км бөлігіне (117-167 км) орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Мердігердің жосықсыздығынан құрылыс баяу жүруде. Тұрғындар бұл жұмыстарды көрмейтінін, жол шаршатқанын айтады. Инфрақұрылымды дамыту, жолдың сапасы — басты назардағы мәселе. Жауапты басшыларға тиісті тапсырма бердім. Қажет болса, мердігермен келісімшартты үзу үшін қажетті шараларды қабылдау керек,-деді С.Шәпкенов.
Тұрғындар жиында ауыз сумен қамту, баспана беру, жол салу және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Өңір басшысы оларды өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Аймақ басшысы сала мамандарымен бірге 20-ға жуық тұрғынды жеке қабылдап, олардың сұрағына жауап берді.
Серік Шәпкеновтің Индер ауданы тұрғындарымен өткен кездесуі аудан әкімдігінің Facebook және Instagram желісіндегі ресии парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.