Аймақ басшысы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бекітілген кестеге сәйкес 20 тұрғынды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың арыз-талаптарын тыңдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және т.б мәселелерді көтерді.
Азаматтар жолдаған сауалға жауап беру үшін кездесуге жауапты басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры қатысты. Олар тұрғындардың сұрағына жауап беріп, қажетті кеңес берді.
Солардың бірі — Рауия Күзембаева. Ол Өркен-2 ықшамауданы №26 көшедегі 500 метр карьер шұңқырды жауып беруге ықпал етуді сұрайды.
— Өркен-2 ықшамауданы №26 көшесіндегі карьерді толықтай жабу үшін жергілікті бюджеттен қаражат көзі қарастырылмаған. Алайда тұрғындардың өтінішін ескере отырып ағымдағы жылы құрылыс-монтаж жұмыстары барысында шыққан құрылыс қалдықтарын аталған мекенжайға мүмкіндігінше 50-100 дана ауыр жүк көлігі (камаз) төгіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ олқы-солқы жасалған жұмыстар балалардың емін-еркін ойнауына қауіп төндіріп тұр. Шұңқырларды көміп, балаларға спорт алаңын, ойын алаңқайын және аллея салып берсеңіздер екен,-деді Р.Күзембаева.
Өркен-2 ықшамауданындағы мәселені айтқан тұрғынның сұрағына қала әкімі жауап берді. Ол бұл жерге балабақша салу үшін құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданғанын, егер оң шешім алса жобада спорт алаңы мен ойын алаңын салу жоспарланғанын жеткізді.
— Бүгінде карьерді көму туралы шешім шығарылды. Негізгі жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілсе, сол жерге балалар ойнайтын алаңқай мен футбол алаңын салатын боламыз. Ол жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады,-деді Мейірім Қалауи.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов қала әкіміне жауапты мамандармен бірге Өркен-2 ықшамауданына барып, мән-жайды анықтауды тапсырды.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі негізінен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Заң бойынша баспана кезек реттілігімен берілетіні айтылды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бүгінге дейін 30 қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынды жеке қабылдады. Оның ішінде 16 азаматтың мәселелесі оң шешімін тауып, 92-сіне қабылдау кезінде заңға сәйкес түсінік берілді. Сондай-ақ аудандарға жұмыс сапары барысында 190-нан астам тұрғынды жеке қабылдады.
Аймақ басшысы облыстық әкімдіктің арнайы бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғаларды жеке қабылдайды.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
Байланыс нөмірі: 8 (7122) 95-66-82