АЙМАҚТЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫ

ол бүгінгі күні қандай күйде?

Мұнай-газ кен орындарын игеру ісі халықтың денсаулығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Атырау мұнай және газ институты мен Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі академиясы өткізген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өзекті тақырыбы осы болды. Алқалы жиында облыс халқының денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, экологиялық-гигиеналық бағыттар туралы ғалымдар мен сала мамандары ой бөлісті.

 

Облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Бисеновтің айтуынша, соңғы төрт жылда аймақта өндіріс орындарынан ауаға жіберілген зиянды қалдықтар 584 мың тоннаны құраған. Оның көлемі жылдан-жылға өсіп отырғаны байқалады.              

– 2007-2011 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу нәтижелері Атырау қаласының атмосфералық ауа қабатында күкірт сутегі, күкірт диоксиді мен азот диоксидінің мөлшері жоғары екенін көрсетті. Соның ішінде күкіртті сутегінің мөлшері түнгі уақытта 140 есеге дейін өскен, – дейді Е.Қуанов.

Бүгінде ауада аса қауіпті түссіз газ-формальдегидтің көлемі де ұлғайыпты. Ол адам денсаулығына ­– тыныс алу жолдарына, көзге және теріге аса зиян. Сондай-ақ, жүйке жүйесін зақымдайды. Ал, сынап шектік коэффициенттен он бір есеге артқан.

Конференцияда Атырау қаласы мен Махамбет ауданының экологиялық жай-күйінің тұрғындар денсаулығына тигізер әсері де айтылды. Бұл жөнінде аймақ тұрғындары арасында төрт жыл бойы мониторинг жүргізген М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің профессоры Борис Зосорин хабарлады.

Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, өңірде онкологиялық аурулардың саны артқан. Қан айналым жүйесі жұмысының бұзылуы салдарынан пайда болатын иммундық механизмдер аурулары көбейген.

– Соңғы жылдары Атырау тұрғындары арасында сүйек, бұлшық ет жүйесі аурулары тоғыз, қан және қан айналым аурулары алты есеге артқан. Зиянды қалдықтар әсерінен жасөспірімдердің физиологиялық дамуы төмендегені анықталды, – деді Б.Зосорин.

Жиында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей, Еуропа жаратылыстану академияларының академигі Үсен Кенесариев, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мағауия Шырдабаев, техника ғылымдарының докторы Әкімғали Кенжеғалиев аймақ экологиясын зерттеу жұмыстарымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.

Конференцияға Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз