Әйелдің асылы ісінен білінеді
Гендерлік саясаттың ауыл әйелдерінің өмірі мен тұрмысында алатын орны ерекше. Соның нәтижесінде шалғай ауылдардағы қыз-келіншектердің әлеуметтік белсенділігі артып, олар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізе бастады. Мұндай бетбұрыс жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуы мен жаңаруына да серпін береді. Өйткені, әйелдер араласқан істің берекелі болатыны белгілі.
Мемлекет тарапынан ауыл әйелдерін қолдауға арналған форумдардың ұйымдастырылуы – олардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жуырда Астана қаласында өткен ауыл әйелдерінің VII республикалық форумы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі.
Шекара бойындағы Қиғаш ауылынан Астана қаласындағы форумға арнайы қатысып келгендердің бірі Марина Жүнісова – Құрманғазы ауданындағы Қиғаш ауылдық округінің әкімі. Біз Марина Николайқызымен форумның ерекшелігі, ауыл әйелдерінің жетістіктері мен оларды қолдауға арналған мүмкіндіктер жайында сұхбаттасқан едік.
– Марина Николайқызы, сіз үшін Қазақстанның ауыл әйелдерінің республикалық форумы қандай маңызға ие?
– Ауыл әйелдеріне арналған республикалық форумның маңызы да, мәні де өте жоғары деп ойлаймын. Олардың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған жоба ретінде гендерлік теңдікке негізделген көптеген мәселелерді шешуді көздейді. Форумда әр өңірдің көшбасшы әйелдері, кәсіпкерлері мен белсенділерінен 200-ге жуық адам жиналды. Олар жетістіктерін айтып, болашақ жоспарларды талқылады. Мысалы, жиында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, ауылдық жерде «жасыл» технологияларды енгізу, қаржылық қолдауды арттыру секілді тақырыптар кеңінен талқыланды.
Бұл шара биыл жетінші рет өтіп отыр. Оның аясында ауыл әйелдерінің экономикадағы үлесін арттыру, оларды кәсіпке тарту, мансаптық өсуді қолдау секілді маңызды қадамдар жасалып келеді.
Форум барысында грант байқауының жеңімпаздары марапатталып, әйелдердің қоғамдағы роліне ерекше назар аударылды.
– Бүгінде ауыл әйелдерінің тұрақты дамуға қосып жатқан үлесін қалай бағалайсыз?
– Қазақта «Ердің асылы күшінен білінеді, әйелдің асылы ісінен білінеді» деген сөз бар. Ойлап көрсеңіз, өте астарлы сөз. Сөйте тұра, бесікті тербететін де, ауылды өркендететін де әйелдер екенін естен шығармаған жөн.
Форумда арнайы оқу бағдарламаларынан өткен ауыл әйелдерінің жаңа жұмыс орындарын ашып, шалғай елді мекендерде маңызды жобаларды жүзеге асырып отырғаны да айрықша атап айтылды.
Бүгінде Қиғаш ауылдық округінде әйелдердің белсенділігі ерекше. Округтегі 18 кәсіпкердің 12-сі – әйелдер. Қазір олар отбасының ғана емес, кәсіптің де тірегіне айналған. Мәселен, Алтынгүл Бисенова «Ғасыр дәмі» асханасының жұмысын жоғары деңгейде жүргізіп, жас та болса ауыл тұрғындары арасында зор беделге ие. Ал Айгүл Қойшыбаева үй жағдайында чикен, донер тағамдарын пісіреді. Эльмира Түймешова да түйе шаруашылығын қолға алып, ауылдастарын сапалы шұбатпен қамтып отыр.
Осы қыз-келіншектер өз кәсібін дамыту арқылы ауыл өміріне серпін беріп қана қоймай, өзге құрбы-замандастарына үлгі болып жүр. Олардың табандылығы – ауыл әйелдерінің мүмкіндігін көрсететін жарқын мысал.
– Форум барысында қызықтырған ерекше идеялар мен жобалар болды ма?
– «Өсу сатылары» атты әлеуметтік жоба ерекше назар аудартады. Бұл жоба елдің әр түкпірінде 110 мыңнан астам әйелге бизнес негіздерін үйретіп, 7500 жаңа шағын бизнес нысанын құруға көмектескен.
Бүгінде Farmer School платформасы арқылы ауыл шаруашылығында «жасыл» технологияларды қолдануға бағытталған оқыту курстары да зор сұранысқа ие.
Бұдан басқа форумда мені «Сoca-cola белестері» компаниясының ауыл әйелдеріне ұсынатын гранттары өте қызықтырды. Бұрын-соңды компания туралы естімеген едім. Енді бұл компанияның мүмкіндіктерін ауыл әйелдеріне қолдануды ұсынамын.
Қиғаш ауылында ешкі сүтін сатумен айналысатын кәсіпкер әйел бар. Келешекте оған осы компания арқылы кәсібін кеңейтуге, сүттен құрт, ірімшік жасап, қаптамасын жасақтап, тұтынушыларға түрлі сапалы өнім ұсынуына әбден болады. Мұндай компанияның қолдауы арқылы ауылдағы шағын бизнесті дамытып, оны жаңа деңгейге шығаруға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын.
– Қазір Қиғаш округінде қыз-келіншектерге қандай мүмкіндіктер мен қолдаулар көрсетіліп отыр?
– Мемлекет тарапынан ауыл әйелдеріне пайызы төмен несие, қайтарымсыз гранттар беріледі. Округ бойынша біз оларға бос тұрған ғимараттарды тегін пайдалану мүмкіндігін ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, йога, психолог қызметі, заңгер кеңесі секілді жобаларды қолға алу қажет деп санаймын. Осы арқылы әйелдердің психологиялық және әлеуметтік қолдауын арттыруға ықпал етуге болады.
Ауылдастар сұранысына сәйкес іскер әйелдерге осы істерді қолға алуға кеңес беремін. Бұл кәсіпті ашып, игеремін деушілер болса біз қолдауға дайынбыз.
– Форумнан алған әсеріңіз қандай?
– Бірнеше жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келемін. Қиғаш ауылдық округінің әкімі болып сайланғаныма да екі жыл болды. Бірақ форумға алғаш рет қатысқандықтан, әр өңірден келген, әсіресе шалғай ауылдардағы құрбы-замандастарымның күш-жігері мен табандылығы маған ерекше шабыт сыйлады. Олардың кәсіпкерлікті дамытудағы тәжірибелері, жаңа технологияларды енгізудегі табыстары кез-келген адамды қанаттандырады.
– Ауыл әйелдерінің іскерлігін арттырып, гендерлік саясаттағы орнын айшықтай түсу үшін не істелуі қажет деп ойлайсыз?
– Қазір ауылдағы қыз-келіншектер әлеуметтік белсенділігін арттыруы тиіс. Ол үшін аудан көлемінде отырып қалмай, облыс пен республикадағы көшбасшылардың, арнайы мамандармен тікелей байланысқа шығып, тәжірибелерімен танысқаны жөн. Көшбасшы-мамандар жаңа технологияларды меңгеру және гранттарға қатысу жолдарын көрсететін оқу бағдарламаларын жергілікті жерде жиі ұйымдастырса жақсы болар еді.
Ауыл әйелдері тек отбасының ғана емес, ауылдың да тірегі екенін ұмытпау керек. Олардың қолынан келмейтін іс жоқ!
Екі ауылды қосқанда 1200 ғана тұрғыны бар Қиғаш округіндегі әйелдердің қазіргі белсенділігінен ауыл өмірінің қалай өзгеріп, дамып жатқаны айқын көрінеді. Үйдің де, түздің де шаруасына үлгеретін қыз-келіншектер өз еңбегімен ауылды көркейтіп, ел экономикасына үлес қосудан тартынбайды. Олар қашан да іскерлігі арқылы берекелі өмірдің дәнін себетіні ақиқат.
– Сұхбатыңызға рахмет. Жұмысыңызға жоғары нәтиже, берекелі табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА