АФРИКА ДА АТЫРАУҒА ҚЫЗЫҒАДЫ
Мәртебелі мейманға «қош келдіңіз» айтқан Ғұмар Ислямұлы елімізде өткізілетін елеулі оқиға – Президент сайлауына әзірлік шаралары жүріп жатқанынан хабардар етті.
— Атырау облысы бүгінгі таңда елуге тарта елмен тығыз байланыс жасап отыр. Соның ішінде Оңтүстік Африка Республикасымен қарым-қатынас әзірге аз болғанмен, елшілік кеңесшісінің өңірімізге сапарынан соң байланысымыз арта түсетініне сенімдімін,-деді ол.
Былтыр Атырау мен Оңтүстік Африка Республикасымен сыртқы сауда айналымы 1,3 млн. АҚШ долларын құрағанын, алдағы уақытта барлық сала бойынша жұмыс жасауға ынталы екенін атап көрсетті. Әсіресе, мұнай-газ, машина құрылысы, химия кластерлеріне жаңашыл жобалар қажет. Облыс аумағындағы мұнай-химия технопаркіне барлық инфрақұрылым жүргізілген. Ал, газды жеткізуге «Теңізшевройл» ЖШС-мен алдын ала келісімге келгенін атап өткен аймақ басшысының бірінші орынбасары индустриалды аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалынып жатқанын айтты. «Біз бірлесіп жұмыс жасау үшін барлық мүмкіндіктер жасауға әзірміз»,-деді ол.
Айта кетелік, статистика департаментінің мәліметінше, өңірімізде оңтүстік-африкалық капиталдың қатысуымен бірде-бір кәсіпорын тіркелмеген.
Айбөпе САБЫРОВА.