АДВОКАТТЫҢ ТЕГІН ЗАҢ КӨМЕГІ

ол кімдерге беріледі?

Адвокат көмегіне тегін жүгінуге болады. Бұл туралы еліміздің «Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы», «Адвокаттық қызмет туралы» Заңдарында жазылған. Десек те, бүгінде азаматтардың көпшілігі мұндай қызмет түрі туралы біле бермейді. Олай болса, тегін адвокаттық қызмет қандай жағдайда, кімдерге ұсынылады? Оны атқаруда нендей мәселелер бар? Облыстық әділет департаментінде өткен «дөңгелек үстелде» осы сұрақтар кеңінен талқыланды.

 

Айта кету керек, елімізде аталған заңдардың қабылдануымен біртұтас жүйе қалыптасты. Соның негізінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін өз құзыретінде нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіп бойынша барлық мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар және жеке сот орындаушылары көрсетуі тиіс. Облыстық әділет департаментінің басшысы Сағынбай Тұрғариннің айтуынша, адвокат көрсететін заң көмегі – бұл алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың істеріне қатысты беріледі.

Бұдан басқа, егер сот қарап жатқан дау кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І, ІІ топтағы мүгедектер мен зейнеткерлер де бұл көмекке жүгіне алады.   

– Тегін адвокаттық көмек алуға жататын санаттар адвокаттар алқасына келіп, көмек алуына болады. Сотқа дейінгі және сот процесінде лауазымды тұлғаға немесе сотқа айтып, адвокат қажет десе, арызына сәйкес, оған тегін адвокаттық көмек беріледі. Ең бастысы, азаматтар өздерінің  мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын құжатты ұсынуға міндетті. Мәселен, алимент өндіріп алу мәселесімен заң көмегін алушы азамат жеке куәлігі мен өндіріп алуды растайтын құжаты, прокуратура органы берген ақтау туралы анықтаманы ұсынуы тиіс, – дейді С.Тұрғарин.

Адвокаттардың заңгерлік көмек көрсету аясында бүгінде облыста 119 адвокат қызмет атқарады. Соның ішінде 73 адвокат «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заңды қолдап, азаматтарға заң ережесі талаптарына сай тегін заң көмегін  беруде.

Сандарды сөйлетсек, биылғы жылдың бүгінгі күніне дейін адвокаттармен қылмыстық істер бойынша –  1180, азаматтық істерге қатысты – 108, ал, әкімшілік істерге байланысты 210 азаматқа заң көмегі көрсетілген. Сот органдарымен –  466, тергеу және анықтау органдарымен  284 қаулы шығарылған.

Бүгінде адвокаттық қызмет сот органдарынан тәуелсіз болды. Себебі, бұрын адвокаттардың тегін көрсететін қызметі бойынша төлемақыны құқық қорғау органдары төлеп келсе, қазір барлық төлемдерді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады. Бұл ретте адвокаттардың еңбегіне ақы төлеуде қордаланған мәселелер де бар. Дәлірек айтқанда, адвокаттарға ақы төлеу үшін белгіленген органмен қаулы шығарылады.

 Ал, шығарылған қаулылардың дұрыстығына облыстық әділет департаменті тарапынан үнемі бақылау жүргізіледі. Тексеріс барысында анықталған бірқатар кемшіліктерге байланысты қаулылар адвокаттар алқасына кері қайтарылған.

– Адвокаттардың еңбегіне ақының уақытылы төленбеуінің бір ғана себебі бар,– дейді  Атырау облыстық сотының судьясы Мәтен Ерғалиев: – Адвокаттардың ақы төлеу жөніндегі арыздарында қағидада көрсетілген мән-жайлар көрсетілмейді. Арызда ордердің нөмірі, банк есепшоты, қанша уақыт жұмсағаны туралы жазылмайды.  Кейбір адвокаттар құжат толтыру кезінде аты-жөнін толық жазбайды. Бұл өз кезегінде адвокаттардың тегін заң көмегін көрсеткен қызметіне байланысты еңбекақыларының уақытылы төленбей, кері қайтарылуынан қағазбастылық көбейіп, екі арада қаулылар орындалмай, адвокаттың еңбегіне төленетін қаржы мерзімінде аударылмауына әкеліп соғуда.

Ал, Атырау облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова адвокаттар белгіленген заң шеңберінде  көрсетілген талаптарға сай   көмек көрсету керектігін алға тартады.

– Оларға белгіленген жалақы қылмыстық істердің түрлеріне қарай қаулылардың тексерісінен кейін ғана төленеді. Сотта кейбір істердің қаралуы уақытылы іске аспай жатады. Яғни, белгіленген мерзімнен кешігіп басталады. Соның салдарынан түскі уақытта да сот процестері жүріп жатады. Ал, заңға сәйкес, адвокат өзіне белгіленген уақытта ғана сот процесіне қатысуы тиіс, – дейді А.Омарова.

Алтыншаш Нәсіпқалиқызы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз