Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Адасқандар

«Сириядан келген хат». Осындай атаумен біраз бұрын интернет желісінде видеожазба тарады. Негізінен WhatsApp мессенджері арқылы телефоннан телефонға тараған видеожазбада соғыс даласында жүрген қазақ әйелі өкінішін жеткізген. «Бұл жақта ешқандай да қасиетті соғыс жоқ. Дін атын жамылып соғысып жүргендердің өзі мұсылмандар емес. Олар нәпсінің жолында күресушілер. Біз олардың жүзіне қараудан да жиіркенеміз. Кезінде адасқаным үшін қатты өкінемін. Сирияға келемін деп адаспаңдар. Одан да бала-шағаларыңның жанында отбасын асырап жүре беріңдер» деп аяқтайды сөзін белгісіз әйел.

Адасқандар

Ажал «қазандығы»

Жиі болмағанымен, өз елін тастап қашып, сырттан «нағыз жұмақ өмір» іздеп кеткендердің тағдыры туралы сирек те болса жазып жүрміз. Сонымен, олар кімдер? Осы сұраққа жауап іздеу барысында, өз қалауымен соғыс отына аттанушылардың дені негізінен 20-40 жас аралығындағылар екенін анықтадық. Мұны тиісті органдардан алған қолдағы деректерден көріп жүрміз. Және өкініштісі, мейлі Ауғанстан, Пәкістан, иә Сирия жері болсын, өзімен қоса, кезінде бала-шағасымен бірге үдере көшкен отандастарымыздың дені енді елімізге келе алмай шерменде болып жүр.

Журналистермен кездесуінде Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев Сирия соғысы басталғалы бері Атырау өңірінен 54 адамның «отты нүктеге» шығып кеткенін мәлімдеген еді. Басқарма басшысы ұсынған мәліметке сәйкес, соғыс даласына өз еркімен аттанғандардың дені әйелдер екен. Мәселен, біз атаған 54 адамның 33-і – әйелдер. Ал, 21-і – ерлер. «Соның ішінде отбасымен үдере көшіп кеткендердің саны – 14. Қазіргі таңда бір ғана біздің аймақ бойынша 67 бала соғыс даласында жүр» дейді спикер.

Бұл нені білдіреді? Жат ағымға ергені өз алдына, неге олар өлім таразысының басына өзімен бірге отбасын тігеді? Баланы өмірінің жалғасына балаған керемет философия қайда қалды? Осы сұрақтарымызды теолог-маман Мұхиддин Омаровқа қойғанымызда, ол адасқан ағым иелерінің діндегі түсініктерді қате қабылдап жүргендерін айтты. Соның бірі – ислам тарихындағы хижра, яғни, Мұхаммед Пай-ғамбардың (с.ғ.с.) қоныс аудару мәселесі.

 «Хижра» дегеніміз не еді?

«Хижра» араб тілінен аударғанда «қоныс аудару» яғни, «бір жерді тәрк етіп, басқа елге көшу» деген мағынаны береді. Ислам тарихын қарап отырсақ, Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне пайғамбарлық келгеннен кейін, яғни, 622 жылы Меккеден Мединеге қоныс аударуға мәжбүр болды. Неге? Өйткені, сол кездегі мүшріктер, яғни, Мекке тұрғындары Алла Елшісін (с.ғ.с.) өзінің туған жерінен кетуіне мәжбүр етті. Оның  басты себебі, ислам діні пұтқа табынушылыққа түбегейлі тыйым салды. Жалғыз Аллаға ғана иман келтіріп, Алладан ғана тілек сұрап, Аллаға ғана жалбарынуды дәріптеді. Бұл туралы Алла Тағала Құранда да баяндайды.

Бүкіл санасын пұт билеген араб өлкесіндегі халықтың басым көпшілігі сол кезде мұсылмандарды жек көрді. Жек көрушіліктің соншалықты қиын деңгейге жеткенін мүшріктердің мұсылмандарға саудада зат бермей, қыздарын тұрмысқа алмай қойған оқиғаларынан көруге болады. Былайша айтқанда, олар мұсылмандарды қоғамнан бөліп тастады. Кейін Меккенің өзінен қуып, шөл далаға айдап шықты. Мұнымен де шектелместен, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлтіруге тырысты. Сол кезде Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Ей, Мұхаммед! Сен өзіңнің үмметіңмен бірге Медина жеріне көшкін. Медина халқына исламды жайғын» деп уахи етеді. Осылайша, Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің сахабаларын топтарға бөліп, Мединаға жол жүреді. Топқа бөлудегі мақсат – қауіпсіздік еді. Бірақ, хижра пайғамбардың (с.ғ.с.) Мединаға қоныс аударуымен бірге тоқтады. Өйткені, ислам дүние жүзіне қанат жайған өркениет бастауына айналды» дейді «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қорының теолог маманы Мұхиддин Омаров.

 Зайырлылық дінсіздік  емес!

Ислам тарихын зерделеп қарасақ, сол кездегі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дәуірінде зайырлы мемлекет сипатының болғанын көреміз. Бұл сөзімізге сол дәуірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) құрған мемлекетте мұсылмандардың өзге дін иелерімен бірге өзара келісімде өмір сүргені дәлел. Және «Кімде-кім кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын» деген хадис те бар. Демек, біздің еліміз ұстанып отырған зайырлылық сипат та исламнан бастау алады.

Және бір нақтыларлығы, зайырлылық дінсіздік деген сөз емес. Біздің елімізде исламның негізгі шарттары орындалып отыр. Яғни, Алланы тануға, Елшіні (с.ғ.с.) тануға, намаз оқуға, ораза ұстауға, зекет беруге, қажылық жасауға толық мүмкіндік бар. «Демек, жүрегінде шынайы иманы бар адам мемлекетке мойынсұнуы керек. Исламның өзі тәртіптен тұрады. Хижра жасау Пайғамбардың (с.ғ.с.) Мединаға қоныс аударуымен тоқтады. Жат ағымда жүрген біздің елдің азаматтары мектеп формасы тақырыбын сылтау етеді. Бірақ, сайып келгенде мәселенің барлығы заңға бағынуға келіп тіреледі» дейді Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button