«АДАМ НЕНІ КӨРІП, НЕНІ ОҚЫҒАНЫНЫҢ ЖЕМІСІ» ДЕЙДІ ӘУЕСБАЙДЫҢ ҚАНАТЫ
Atr.kz/20 желтоқсан, 2019 жыл. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты «Атырау» газетіне эксклюзивті сұхбат берді.
— Сізді көрермен ұзақ жылдан бері ұлттық арнадан көріп, үйреніп қалды. Әуесбайдың Қанаты деген аты-жөніңіз аз уақыттың ішінде брэндке айналды. Атырауға нендей үмітпен келдіңіз?
— Атырау қазақ елінің тәуелсіздігінің нығаюына айрықша үлес қосып жатқан, бір тарапында әлемдік геосаясатта да орны бөлек маңызды өлке. Сонау Исатай, Махамбет, Құрманғазыдан бастап, кешегі Жұмекен, Фариза ақындар жалғап, ұлылардың сарқытындай Ілия Жақанов ағамызға ұласып, бүгінгі ұрпаққа дейін айрықша үні бар жұрт. Ендеше бұл аймақтың шайыр шежіресіне толы үнінің жариясына қызметтену біз үшін зор мәртебе, әрі атан түйеге жүк болардай жауапкершілік. Сол мәніспен де «Қазақстан» телерадиокорпорациясы төрайымы Ләззат Танысбай ханым стратегиялық маңызды өңірдің телерадиосына басшылық етуге ұсыныс жасағанда бірден келіскеніммен де ізінше қатты толқығанымды да жасырмаймын. Бұл толқынысым Атырауға келе сала жылышырай танытып, ақыл-кеңесімен үнемі қолдау білдіріп отыратын кезіндегі өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы қабылдағанда сап тиылды. Екі елтұтқа азамат зор сенім артты. Сенім үдесінен шығуды өзіме берілген аманаттай көремін. Әрі-беріден соң батыс жұртының маған жақындығы да жоқ емес. Нағашы атам Сақыпкерей Батыс Қазақстан облысының тумасы, марқұм нағашы әжем Мағрипа Атыраудың қызы. Батысқа жиенмін деп жиендік жасауға келгем жоқ, нағашы жұртқа қызмет етуге келдім ендеше.
— Сіздің келуіңізбен «Atyraý» телерадиосынан қандай жаңалық күтеміз? Әуесбайдың Қанаты деп жарқыраған брэнд Атырауға нендей леп әкелді?
— Істің нәтижесі бойынша сөйлегенді мақұл көрем. Уақыты келгенде ұжымымыздағы жаңалықты рет-ретімен сүйіншілеп те жүрміз. Мәселен, түнеукүні баспасөз және ақпарат күніне орайластырып телерадиомыздың бес жаңалығын жарияладық. Соның бастысы — былтыр 80 жыл толған радиомыздың тынысы кеңейіп, жаңарған студиясы есігін айқара ашты. Тынысының кеңейгені сол, 1000 киловаттық итальяндық жаңа радиотаратқыш орнатқанымызды ауыз толтырып айтқымыз келеді. Бұл көп жылдар бойы айтыла айтыла ақжем, жазыла жауыр болған толғақты түйткіл болатын. Жаңа радиотаратқыштың көмегімен атыраулық жұрт 102.FM-ді теріп радиомыздың дауысын бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сапада ести алды. Оның үстіне радиотолқынның таралу аймағы қала шегарасынан 80 шақырымға дейін кеңейіп отыр.
— Бұрынғы радиотаратқыштан нендей айырмасы бар ?
— Салыстыра айтар болсақ, мұның алдындағы ескі 250 киловаттық таратқыш небәрі 3 шақырымдық радиуста жұмыс істеп тұрған. Оның өзі қаладағы аласа ғимараттың шатырына 16 жыл бұрын орнатылғандықтан әбден ескіріп, шаруасы бітуге тақау еді. Ескіргенінің тағы бір белгісі сол, 16 жылда қаламызда бірқанша биік үй, мекеме салынып кетті. Радиотолқынның еркін тарауына зәулім үйлер көп кедергінің бірі. Ретін тауып, радиотаратқышты қала сыртындағы Доссор даңғылы бойындағы 180 метрлік телемұнараға орнаттық. Бұл да болсын радиотолқынның еркін тарауына басты сеп. Бір айта кетері, Атырау радиосы өзге өңірлік радиолар арасында 17 сағат эфир таратып отырған еліміздегі бірден-бір радио екенін әркім біле бермес. Бұл ерекшелікті мейлінше тиімді пайдалануымыз керек. Радионың мүмкіндігін кеңінен пайдалану мақсатымен, өңірлік телерадио филиалдары арасында тұңғыш рет әуе толқынымызды телеэфирге жалғап, телерадиобағдарламаны іске қостық. Ол телерадиохабарды «Efirde 102.FM» деп атадық. «Эфирде» сөзі көгілдір экранды меңзеп тұрса, «102.FM» радио сипатын аңғартып тұр. Яғни, оны көрермен де тыңдарман да тыңдай алады. Бұл телерадиодүниесінде бұрыннан бар тәжірибе. Мұның басты тиімділігі — радиомыздың тарау аясын кеңейту. Аудитория танымдық хабарды радиодан да телеэфирден де көріп те тыңдап та отырады.
— Жуырда жаңа телевизиялық маусымды жарияладыңыздар. Бұл маусымның жаңалығымен бөлісе кетсеңіз.
— Жаңа маусымда жалпы саны 14 хабар аштық. Барлығын болмаса да бірегейлерін айта кеткен жөн. Қазақ телевизиясында тұңғыш рет өзен бойында түсірілетін хабардың тұсауын Атырауда кестік. Атыраудың көзайым көрікті мекені, мақтанышы Жайық болса, оны біз табиғи фон ретінде ұтымды пайдалануды ұйғардық. Осылайша Атырауға келген игі жақсылармен Жайықта жүздесейік деп «Жайықтағы жүздесу» хабарының «томағасын» сыпырдық. Жайық өзенінің бойында хабар түсіру арқылы бір тараптан өзеннің ахуалына да көпшілік назарын аудартуды көздедік. Хабарға Жайықты жырлаған әнші-жыршы ғана емес, Жайық мәселесін қаузаған мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып жүр. Хабар өзен бойында, катерде, қайықта жүзіп бара жатып жазылады. «Жайықтағы жүздесуді» белгілі журналист, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері Слухия Қаттарқызы тізгіндеді.
Ендігі бір бірлескен жоба «Atyraý» газетімен жүзеге асып жатыр. Бұл жобамызда «Біздің кейіпкер» хабарының қонақтарымен болған сұхбаттың газеттік нұсқасы облыстың байырғы белді басылымында жарияланып жүр. Белгілі журналист Балауса Пушкинқызы жүргізетін бұл хабардың эфирде жүріп жатқанына 5 жылға жуықтапты. Сол аралықта талай елтұтқа азамат хабардың қонағы болып, соқталы сөзімен бөлісті. Сол сұхбаттарды қағазға түсіріп, «Біздің кейіпкер» атауымен кітап етіп шығаруға ниеттіміз. Реті келіп тұрғанда жобамызды қолдаған бас редактор, белгілі қаламгер Исатай Құндызбайұлына алғыс айтқым келеді. Бұдан бөлек, телеарнамыздың барлық хабарының «томағасы» латын қарпімен жаңарғанын көзі қарақты көрермен байқаған да болар. Жаңа жылды сонымен бірге, декорациясы жаңарған телестудияда қарсы алмақ жайымыз бар.
— Бұл жыл Елбасы жарлығымен жастар жылы жарияланғаны белгілі. Соның аясында да эфир көрігін қыздырар нендей хабарлар бар?
— Өңірлік телеарналар арасында тұңғыш рет республиканың әр қиырынан талантты өрендерді жиып, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ролан Құспанмен бірлесіп, «Меніңше» пікір-сайыс алаңын ұйымдастырдық. Атырау өңірі туралы жас ұрпақтың білімін тереңдету мақсатында викториналық «Атырау-Квест» хабары да көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Бүгінде Атырауда түрлі халықаралық компанияда қызмет ететін шетелдік азамат көп. Сол жатжұрттық азаматтардың да еліміз, Атырау жері туралы айтары көп болар деп төларна тарихында тұңғыш рет ағылшын тіліндегі «Батыс көрген» хабарын эфирге қостық.
Мақсат — шетелдіктерге Атырау жерін таныстыру арқылы олардың да біз туралы ой-пікірін де білсек деген ниет. Жобамыздың тағы бірі — Абайдың хәкімнің 175 жылдығына арнап, «Мәңгілік Абай» циклды хабары көрермен тарапынан жақсы бағасын алып жатыр. Абай ұлағатынын жастарға берер тағылымы мол деп білемін. Осы хабардың кезекті санында халқымыздың аяулы ұлы Ілия Жақанов Абай әуендері туралы жан-жақты айтып берді. «Атырау» арнасының бұл хабарын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының аймақтық филиалдары да қайталап көрсетті. Жаңа маусымда ерекшелеп айта кетер жаңалығымыз — көпшілік сұрауымен біз халық жүрегінен орын алған «Айнамкөз» хабарын қайта жаңғырттық. Халықтың дәстүрлі ән-күй, жыр-термесімен сусындатқан бұл хабарымызды әйгілі әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова ханым тізгіндеді. Көрермен жүрегіне жол тапқан бұл хабарға жуырда кабельді желідегі «Домбыра» телеарнасы «құда түсіп», аттай қалап отыр.
— Жылдың қорытындысын айтып жатырсыз. Келер жылға жоспардың шет жағасын айтып кетсеңіз де айып болмас…
— Адамзаттың ұлы ұстазы әл-Фарабидің келер жыл өтетін 1150 жылдығына орай «Қайырымды қала» атты хабарды эфирге қосуды көздеп отырмыз. Жанап өтсе, шапанының шалғайынан шапағат саулайтын дегдар, қайырымды жандар Атырауда көп. Ол жандарды осы жобаға тартсақ дейміз. Бұл хабарымыздың мақсаты бір тараптан келер жылғы волонтерлар, яғни еріктілер жылының миссиясымен де үндес. Одан бөлек, жыл аяғы эфирге қосқан «Алтыншы аймақ» аталатын Атыраудың тарихынан сыр шертетін бағдарламааралық хабар 2020 жылы да жалғасады.
Топырағын қарыс сүйем қазсаң тарихтың талай сыры ақтарылатын бұл өлкенің аңызы да мол абызы да көп. Осы хабарға сол арқау боп тұр. Бағдарламааралықтың ендігі бір ерекшелігі ол жыл бойына сан мәрте қайталанып эфирден беріледі. Сол арқылы әсіресе жастар бойында елсүйгіш қасиетті өрбітуге қосқан бір үлесіміз болса деген ниетіміз болды. «Алтыншы аймақ» аталуының сыры – көлік нөмірі сериясына сәйкес Атыраудың алты санымен белгіленуіне байланысты. Оның үстіне «алты» мен «аймақ» сөзі ұйқасты болып отыр. Төрлетер жылы сүйіншілер хабарымыздың ендігісі – халқымыздың абыз ақсақалы, бір бойына көп дарынды сиғызған Ілия Жақанов ағамыз туралы циклды хабар. Ілия ағамыздың Атырау өңірінде тіршілік кешіп жатқаны атыраулықтар үшін үлкен олжа деп білемін. Қазыналы қариямыздың естелік ғибратын біз «Біздің Ілия» хабарына арқау етпек ниетіміз бар.
Әлбетте, Ілия аға тек Атырау емес, бүкіл қазақ біткенге ортақ асқар бел азамат. Мұндай қазына ақсақалдың өмірден білген-түйгенін өз аузынан жазып алып, өскелең ұрпаққа жеткізбесек журналистігімізге сын. «Біздің Ілия» хабарының мақсатын осы тұрғыдан көрдік. Елдік тұлғаның болмысына бойлаған хабарымыз жалғыз бұл емес. Келер жылдан бастап, қазақ жырының тұңғиығы, текті өлеңнің төресі Жұмекен ақынның 85 жылдығына орай «Жұмекен-жыр» хабарының куәсі боласыздар.
— «Жұмекен-жыр» хабарының көтермек жүгі қандай болмақ?
— Бұл ойды маған арнамызға қонақ боп келген ұстазым, ақын, жұмекентанушы қалың көпшілікке әсіресе «Көк тудың желбірегені» өлеңі арқылы етене таныс Алмас Ахметбекұлы тастаған еді: Жұмекен деген жырдың сөгілмеген көмбесі, қазақ пәлсапасының ашылмаған аралы ғой. Жұмекенді көпшілік қауым тек әнұранның авторы деп қана келте ойлайды. Жұмекенге бойлау үшін терең пайым мен биік өре керек. Жұмекенді терең зерттей алмай жүргеніміздің бір себебі сол. Жұмекеннің болмысына бойлаған бір хабардың ашылғаны ендеше саған аманат» деп еді. Ұстазға құлағы түрік шәкірт ретінде келер жылдың телемаусымының шымылдығын Жұмекен жылы аясында түрсек деген ниетімізді айтқым келеді.
— Айтпақшы, биылғы жаңалықтың тағы бірі телерадионың жапсарлас салынған ғимараты екеніне куә болдық…
— Ия, бұл ғимарат ұзақ уақыттан бері жоспарланып-жобаланып салынған құрылыс екені белгілі. Қазір оның да игілігін көріп келеміз. Мен бұл жерде мынаны айтқым келеді. Ғимараттың бос тұрған үлкен бір залы бар. Сол залдың ендігідегі қызметі туралы біраз ойланып-толғандық. Баспасөз мәслихатын өткізетін пресс-зал бола ма, әлде шеберлік дәрісін өткізетін аудитория бола ма? деген әңгіменің төңірегінде ойталқы болды.
Ұжыммен кеңесе келе, тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде «Атырау» телерадиокомпаниясына басшылық етіп, қазығын қағып, уығын көтерген, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, айтулы қаламгер Айтқали Құмарғалиұлының медиа аудиториясы болғанын құп көрдік. Осы арқылы біз — кейінгі толқын алдыңғы толқынға көрсеткен құрметіміз болсын деп ұйғардық. Ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісін осылай көрсеткіміз келді. Екінші жағынан бұл аудиторияда Халел Досмұхамедұлы университетінің журналистика кафедрасы студенттерін тәжірибе жүзі оқытып-үйретуді көздедік. Осы арада жобаны қолдап, көмегін аямаған кафедра меңгерушісі, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты екі бірдей ұлттық университеттің журналистика факультеттерінің тәжірибесін мол сіңіріп келген ұстазымыз Мәншүк Тынышқалиқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн.
— Университеттің оқу аудиториясында емес, телеарнаның өзінде оқытқанның нендей тиімділігі бар?
— Бұл жоба қазір көп айтылып жүрген дуалды білім берудің бір көрінісі. Мәселен, медицина оқу орындары дәрістерін аурухана, клиникаларда тәжірибе жүзі өткізеді. Дәл сол сияқты журналистиканың көп дәрісін газет редакциясында, телерадионың өзінде өткізудің тиімділігін айтпасақ та белгілі. Шеберлік дәрістері, семинар-тренингтер өтетін бұл аудиторияда оқыған жастар әрі Айтқали аталарының өнегесін сіңіріп өссе дедік. Кімнің есімін береміз дегенде көп ойланғанымыз жоқ. Әрине осы шешімді оқып отырғандар арасында «көзі тірі адам есімін аудиторияға беру, қалай болар екен?» деген сыңайдағы сауалдар туындауы мүмкін.
Олай сұрағандарға Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде мәселен, қазақ телевизиясының тарланы Сұлтан Оразалин аудиториясы бар екенін қаперге сала кеткім келеді. Біздің мұндағы басты ұстаным – азаматты көзі тірісінде қадірлеп-құрмет көрсету. Жуырда телерадиоарнамыздың төрінде бес бірдей ҚР Парламенті сенатының депутаты қонақ болды. Журналистика кафедрасының студенттері медиа-аудиторияда отырып, сенатор, журналист Нұртөре Жүсіпке «журналисттің депутаты болу қандай-ды?» деген сыңайдағы қызық сұрақ қойды. Осындай танымдық кездесулер төл арнамызда жиілегенін қалаймыз.
— Атырауға келгенде телевидениеден, жалпы, жергілікті жерден қандай ерекшелік байқадыңыз? Қандай тұстардың бояуын қанықтырып, нені өзгерту керек деп ойлайсыз?
— Ерекшелік байқайтындай мен әлдебір шетелден келгем жоқ сірә (күлді). Жергілікті телерадиодан байқағаным ресми тілдегі хабарлардың мемлекеттік тілден тәржімаланып қана берілетін ерекшелігі маған алғашқыда таңсық болды. «Қазақстан», «31 телеарна», «Астана» арнасы сияқты еліміздің бірнеше республикалық арналарында тәжірибе жинақтадым ғой.
Сол кезде мына жәйт еске түсті. 1997 жылы «31 телеарнаның» «Информбюро» жаңалық қызметінің қазақша хабарлары ресми тілден жүгіртпе жол ретінде ғана аударылып берілетін. 1997 жыл мен 2019 жыл арасын 22 жыл бөліп жатыр. Атырауда ресми тілдегі ақпарат аясын ешкім шектеп отырған жоқ екенін түсінуіміз керек. Ресми тілде хабар жүргізетін тілшілерді хабарландыру беріп те көп іздедік. Тек ол талпынысымыздан өнгені шамалы. Әлбетте кез-келген ұсынысты сұраныс тудыратыны да шығар күндей шындық. Бір тарапы бұл мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясының артып, көкжиегі кеңейе бастағанының көп белгісінің бірі деп те бағалаған оң шығар. Қалай болғанда жергілікті телевизияның бір сипатын сұрағаныңызда ә дегенде ойға келгені осы болды.
— Жалпы, қазақ журналистикасы деген уақытта нендей нәрселер назардан тыс қалып жатыр деп ойлайсыз?
— Қазір алапат ақпарат заманы. Салыстыру үшін айтар болса, соңғы бес-он жылда шыққан ақпарат көлемі адамзат баласы пайда болғаннан бастап шыққан ақпарат көлемінен де көп, дейді мамандар. Осындай жағдайда журналистерге ақпаратты барынша аз да саз, ықшамды ойға көп мағына сыйғыза білетін әбжілдік керек. Көп сөз қайтсек те енді оқылмайды.
Салақұлаш көлемді мақалалардың заманы келмеске кетсе де кей журналистер әлі де сонысын тия алмай жүр. Сараптама материал дегенді желеулетіп қызыл сөздің көбігін көпіртетін әріптестердің еңбегі құмға сіңген судай еш болмаса екен деймін. Қазақ тілі бизнестің, қаржы тіліне айналып, іскерлік журналистика көп дамығанын қалаймын. Ол үшін сол саланың тізгінін ұстап отырғандар қазақ тіліне аударма тіл ретінде емес, негізгі тіл ретінде тұтынушы деңгейіне жетуі тиіс.
Ақпараттың орасан көптігінен туындайтын ендігі бір мәселе, сыни ақпаратқа резонанс азайып бара жатқанына алаңдаймын. Яғни, проблемалық материалға ешкім селт етпейтін иммунитет қалыптасқаны сезіледі. «Айтып, айтып қояр» деген немкеттілік басым. Журналистер мәселені қозғаудай-ақ, қозғайды, бірақ оған реакция кемшін. Бір жағынан журналистеріміз де осы немқұрайлылыққа көндікпесе екен дейсің. Ол үшін қозғалған мәселеге ара-тұра оралып тұратын қайсарлық қажет. Журналистің міндеті мәселені шешу емес, бірақ соның оң шешіміне ықпал ету екенін ұмытпасақ деймін.
— Ғаламтор күш алып тұрған қазіргі заманда дәстүрлі медиа рейтингін қалай көтеру керек деп ойлайсыз? Жалпы, әлеуметтік желі, интернет әлемі дәстүрлі медианы екінші кезекке мүлде ысырып тастады және бұл үрдіс осылай жалғасады дегенге келісесіз бе?
— Өз басым ақпарат құралдарын «мынау дәстүрлі, мынау дәстүрлі емес» деп бөлуді құптамаймын. Интернеттің журналистикаға қосыла бастаған уақытынан бері де 20 жылдан астам уақыт өтті. 20 жыл дегеніңіз бүгінгідей ақпарат заманында алапат уақыт қой. Ендеше интернетте жасалып жатқан журналистиканы біз әлі күнге дәстүрлі емес санатына жатқызуымызға не жорық?! Цифрлы коммуникация мүмкіндігі артқан сайын оның алдында болып келген ақпарат құралдарының мүмкіндігі әлбетте шектеле береді. Мәселен, газеттің таралымы азаяды, телеарнаның көрілімі төмендей береді. Бірақ бұл олар мүлдем жойылып кетеді дегенге желеу емес.
«Газет өледі» деген құр дақпырт қана. Смартфоннан не компьютерден ақпарат оқу барлығына бірдей қолайлы емес. Ақпарат порталының сервері күйіп кету қаупі бар, тиісінше ондағы мәлімет жойылып кетуі әбден мүмкін. Ал қағаз газет архивтерде, кітапханаларда ұзаққа дейін сақталады. Сондықтан оның таралымы азайса да белгілі бір мөлшерде сақталады деп ойлаймын.
Телеарнаға келер болсақ, салалық телевизияның болашағы зор. Қазірдің өзінде «Qazsport», «Balapan», «Tamasha TV» және тағы басқа да телеарналар медиа нарықта табысты жұмыс істеп келеді. Интернет, телевизия мен баспасөздің сипатын біріктірген журналистика конвергентті аталып жүр. Ендеше соның дәуренінің куәгері болып жүрміз. Алайда «газет шықпай қалады, теледидар көрілмей қалады» дегенге бұл да дәлел емес екенін қайталап айтқым келеді.
— «Қара пиар ол да пиар». Қазір «Өз ойым», «Қалаулым», «Кел, келінім» сияқты ойға келгенді құса салатын хабарлар көбейді. Бұл нені білдіреді?
— Мұндай деңгейі төмен хабарларға өкінішке қарай, сұраныс жоғары. Сұраныс ұсынысты тудырып тұр. Сұраныстың себебі де белгілі.
Біз Кеңес заманында ақпаратты тиып келген вакуум-қоғамда өмір сүріп келдік. Қазіргідей интернетсіз, әлеуметтік желісіз заманда ақпарат тек мөлшерленіп-межеленіп беріліп келді. Анайы, көзге қораш, құлаққа түрпідей тиетін ақпаратқа о заманда тиым салынды. Тиым салынған затқа ынтық болатын адамзаттың ежелден әдебі, нәпсісінің мәселесі ғой. Қазір сол тиым салынған ақпараттың тиегі ағытылған заман боп тұр. Басты мәселе, белгілі бір уақыт өткен соң біздің қоғам одан да жалыға бастайды. Демек, бұл уақытша құбылыс. Көрерменнің анайы хабардан жалығып-жирене бастайтын күні алыс емес деп білемін.
Адам нені көріп-тыңдап, нені оқығанының жемісі. Не тұтынсаң сол боласың немесе не тұтынатыныды айт, сенің кім екеніңді айтамын деймін. Санаңды бұзатын дүниеге әуес болсаң, өзің де соған жақын боласың. Керісінше сананы дамытатын көркем дүниеге үйір болсаң, соғұрлым көркем дамисың. Таңдау өзіңізде.
Әңгімелескен: Баян ЖАНҰЗАҚОВА