Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

«Адам бақытының бастауы – еңбекте» дейді академик Қайыржан Әбисатов

Атырау облысының Құрметті азаматы, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы сақтандыру медицинасы академиясының академигі, құрметті профессор Қайыржан Әбисатовты елімізде білмейтін адам жоқ шығар. Ол бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңесші-онкологі болып жұмыс істейді. Талай жанның өміріне араша болған білікті дәрігер бүгінде сексен жастың сеңгіріне шықты. Осыған орай Атырауда «Онкологиядағы инновациялар» тақырыбында республикалық конференция өтпекші. Шара қарсаңында академикпен әңгімелесудің сәті түскен-ді.

тағылым

«Азаматтық парызым Атырауға жетеледі»

— Атырауға, туған жерге біржолата оралуыңызға не себеп болды?

— Қалған ғұмырымды осында өткізгім келеді. Білім-білігім мен тәжірибемді ел пайдасына, соның ішінде қатерлі ісікпен күрес жұмысына жұмсасам деген ойым бар. Оның үстіне, осы өңірдің Құрметті азаматы атағына лайық әлі де біраз тер төгуім керек. Мен үшін одан асқан марапат жоқ. Халықтың осынау ілтипатын ақтауым керек. Міне, мені осындай парыз жетектеп әкелді.

— Атырауда онкология саласы қалай дамуда? Болашақта қай бағытта жұмыстанған жөн деп санайсыз?

— Өзге облыстармен салыстырғанда, негізгі көрсеткіштер қалыпты деңгейде. Облыстық онкологиялық диспансерде емдеу тәсілдері жоғары деңгейде жүргізіледі. Қазір Президент жаңа технологиялармен жұмыс жасауды жүктеді. Демек, қатерлі ісіктің алдын алу, жаңа түрлерін анықтау мен емдеуде шетел тәжірибесін енгізген тиімді.

«Өзімізде де мүмкіндік көп»

— Әйтсе де, еміне дауа іздеген атыраулықтардың көбіне Астрахан асып жататыны бар… 

— Қазір қомақты қаржыға диагностика мен емнің небір түрін көрсететін ақылы жеке орталықтар көп. Ал, шындығына келгенде, Астрахан мен шет елдерге бармай, өзіміздің Атырауда да жақсы емделуге болады. Жыл сайын елімізде 32-33 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Шамамен бес пайызы ғана туа біткен ахаудан, қалғаны – ісікалды аурулардан өрбиді.

Созылмалы қабыну үрдістері нәтижесінде жасушаларда функционалды және морфологиялық өзгерістер өрбиді. Егер осы жағдай дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса, ауруды жеңуге болады. Қабыну үрдістері факультативтік және облигаттық деп екіге бөлінеді. Алғашқысын емдеу арқылы қалпына келтіруге болады. Онымен ауырғандар міндетті түрде есепке алынып, бақылауда болуы шарт. Қазір қай жерде қанша ісікалды ауру бары белгісіз. Бұл – ауруды ауыздықтауға кедергі. Ал, екіншісі, яғни, облигаттық түрі ісікке айналады.

«Тексерістен қорықпау керек»

— Қатерлік ісік неден пайда болады?

— Жалпы, дұрыс тамақтанбаудан, спирттік ішімдіктерден, асты тым ыстық күйде қабылдау өңеш-асқазанның қабынуына әкеледі. Мәселен, Корея елінде өңеш пен асқазан ісігі көп кездеседі. Сондықтан, ол жақта қырық жастан асқандар міндетті түрде эндоскопиялық тексерістен өтеді. Сөйтіп, 40 пайызға дейін ісікті ерте анықтауға мүмкіндік туады. Израильде бұл көрсеткіш 10 пайызды көрсетсе, Ресей мен біздің елде бұл туралы мәлімет жоқ. Қазақстандықтардың көбісі асқазанға шланг жұтатын жағымсыз үрдістен  үзілді-кесілді бас тартады. Ал, Жапонияда тексерілмеген зейнеткер зейнетақысын ала алмайды. Осындай талаптар біздің елде де қойылса, бәлкім, аурушаңдық үлесін аз да болса азайтар ма едік?..

Қандай жағдайда да, асқынған аурудың емі жоқ екенін естен шығармау керек. Сондықтан, алдын алу маңызды.Әдетте, науқас емделіп болған соң, бәрі ұмытылып, бақылауға алынбайды. Ота жасалды, ақшасы төленді,  осымен бәрі бітті деп ойлайды. Ал,  ісіктің қайталануы мүмкін деген ой келмейді.

— Атырау қаласында алдымыздағы жұма күні өтетін ғылыми-практикалық конференция қандай мақсатты көздейді?

— Мұндай жиын ТМД елдерінде бұрын өтпеген. Жаңа техноло-гияларымен әлемді тамсандырған Франция, Испаниямен зертханалық-технологиялық әдістерді үйрену мен маман даярлау бағытында шарт жасалуда. Осыған орай, Испаниядан арнайы ғылыми-зерттеу онкологиялық орталығының мамандары келмек. Қай облыста қандай технология жетіспейді, бұл туралы конферен- цияда жан-жақты талқыланбақ. Үкімет алдына бірқатар мәселелер қойылады. Мемлекет медицинадан ақша аямайды. Тек соны орнымен пайдалану керек.

— Бізде ауруларды оңалту жайы қалай? 

— Сауалыңыз орынды. Қатерлі ісікті емдеу үшін медициналық оңалту шаралары жүргізілуі тиіс. Ісік анықталған кезде асқыну үрдістерінің алдын алған дұрыс. Ал, бізде қалай? Ауру асқынғаннан кейін барып қозғала бастаймыз. Екіншіден, емделіп болған адам күтінбейді, біреулері бақсыға қаралады. Айталық, аяқ-қолы кесілген науқас протез киюі қажет. Асқазан ауырса, тамақты талғап жеу керек. Бұл жағы ескеріле бермейді. Қазір науқастардың 70-80 пайызында ісік үшінші, төртінші сатысында дамитындығы анықталып отыр. Оларға кешенді ем қолданылуы тиіс. 200 төсектік онкодиспансерде жиырма, одан көбінде қырықтан астам орын оңалтуға арналғаны жөн. Онда психолог, физиотерапевт, онкологтар жұмыс жасауы керек.

— 1976 жылы облыстық онкодиспансерге он жыл бойына басшылық еттіңіз. Неліктен басқа өңірге қызмет ауыстырдыңыз?

— Рас, мен басшылық жасаған жылдары, диспансерге алдыңғы қатарлы құрылғылар алынып, диагностикалық әдістер енгізілді. Тіпті, жалпы кеңестік конференция өтті. Алғаш болып сыйлық пен «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болдық. Бұрын өңеш-өкпе ісігіне алпысыншы жылға дейін ота жасалмаған-ды. Академик Сызғановтың өзі тек баланың күйген өңешіне ғана жасады. Бұл жерде ғылыммен айналысуға толық мүмкіншілік болмады. Сондықтан да ғылыммен айналысып, жоғары оқу орнына қызмет ету үшін кеттім.

«Қарапайым колхозшының он екінші баласымын»

— Республикада сіздің дәрежеңізге жеткен адам кемде-кем. Ендеше, жетістіктің сыры неде?

— Береке, бақыт, бедел, бәрінің де бастауы еңбекте жатыр. Мен қарапайым колхозшылар отбасында дүниеге келген он екінші перзентпін. Әуелдегі құрылысшы боламын деген райымнан қайтып, анамның қалауымен дәрігер болуды ұйғардым. Бірдеңе зерттеп, жазбас бұрын ойланып-тол-ғанып біраз күн жүремін. Кейін өндіріп жазамын. Соңғы он жылда 12 еңбек жазып шықтым. Осыған дейін шамамен 2000-дай ота жасаған екенмін. Уақытпен де, қиындықпен де санаспадым. Осы күнге дейін өзім ешкімнен артық ештеңе алып көрмедім. Тиесілі жалақымды алып, тынымсыз еңбек еттім, халықты емдедім. Сондықтан да болар, адал еңбектің ақ жолымен әлі де жа-яулап келемін (жымиып).

— Отбасыңыз туралы біле отырсақ.

— Күнделікті денсаулығымды қадағалап жүретін жұбайым Лиза Насырқызы – ең басты қолдаушым. Екеуміз екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Олар да тәуелсіз елімізге өз үлестерін қосуда. Үлкеніміз Махамбет – заң ғылымдарының кандидаты, полковник, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінде басшы. Оның да екі монографиялық еңбегі жарық көрді. Кішіміз Ержан – инженер-электрик. Ке-ліндеріміз Лейла – инженер-экономист, Майя – халықаралық туризм-менеджмент колледжі директорының орынбасары.

— Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.

— Біздің онкологиялық диспансер 150 орынға есептелген. Сондықтан, алдағы уақытта 250 төсектік диспансер ашу ойымызда жүр. Оның ғимаратын тұрғызатын қажетті жер бөлігін де қарастырып қойдық. Онда қосымша екі бөлімде (урология, лор) жаңа мамандар қызмет ететін болады.

«Атыраудың» анықтамасы

Қайыржан Әбисатов  –  медицина ғылымдарының докторы (1983),  профессор (1988). 180-нен астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жариялаған. Оның ішінде екі томдық «Онкология» (1994, 1999) оқулығының, «Қазақша-орысша медициналық сөздіктің» (2002) авторы.  Жоғары білім жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары оқу орындарына оқулықтар жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы күміс (2008) және алтын (2014) медальдарының  иегері. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен (1982), «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2012), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (1997) төсбелгілерімен марапатталған. Республикада онкология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен «Санофи-Авентис» тобының Гран-при жүлдесімен марапатталды. Ол – Атырау облысының Құрметті азаматы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button