Жарнама
Жаңалықтар

«Адал қызмет етуге ант беремін!»

Атырау. Сенбілік таңғы тыныштықты саптағы сарбаздардың маршы бұзды. Бүгін Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде ерекше бір толқынысты күн. Туған ел алдындағы қасиетті борышты өтеуге бел буған жауынгерлер әскери ант қабылдады.

       Салтанатты шара салтанат пен салмақты сезімге толы болды. Жас сарбаздар сап түзеп, еліміздің Көк Туына қарап, адал қызмет етуге серт берді. Мемлекеттік Гимн ойналған сәтте сапта тұрғандардың иығына жауапкершілік артылса, ал алаң шетінде тұрған ата-аналардың жүрегі толқып, көздері мөлтілдей бастады.

       Салтанатты рәсімді 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Самет Құлахмедов ашты.

      – Бүгін – әскери қызметтің алғашқы белесіне көтерілген күн. Бұл антыңызға адал болуға берген сертіңіз. Еліңізге, халқыңызға, Туыңызға қашан да берік болыңыздар. Сіздерге қарап, болашақ ұрпақ бой түзейді. Сарбаз атану ерлік жолының бастауы болмақ, — деді.

      Шараға әскери бөлімнің ардагері, Атырау облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы және ата-аналар арнайы қатысты. Ардагер жауынгерлер бүгінгі жас буынға ел мен ерлік жайлы өнегелі сөз айтып, жауынгерлік рухты биіктетті.

     – Біз соғысты көрмесек те, тәртіптің қандай болатынын жақсы білеміз. Осы ұландар ел тыныштығын күзетіп, бейбіт өмірдің берекесін сақтайды деп сенеміз. Ант берген күн әр сарбазға маңызды дата, — деді шараға қатысқан Әскери бөлімнің ардагерлер кеңесінің мүшесі Айша Медетова.

       Сарбаздардың саптық дайындығы мен әскери машықтары бір айлық оқу-жаттығу кезеңінде шыңдалған. Сол еңбектің нәтижесін олардың қимыл-қозғалысы мен салмақты болмысынан аңғаруға болады.

      Осы күні Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Сәулебек Қайқы да ант берді. Оның қуанышын бөлісуге алыстан арнайы келген әкесі – Ергеш Хайкиев толқуын жасыра алмады (суретте).

     – Ұлымның осындай маңызды рәсімге қатысып, сарбаз атанғанына қуаныштымын. Еліне қорған болсын деп тілек тілеп тұрмыз. Ұлының ел қорғайтын азамат болғанын көру әр ата-ананың арманы, — деді ол.

       Салтанатты шара соңында сарбаздар бөлімнің Туын айналып өтіп, офицерлер мен ардагерлерге ілтипат көрсетті. Әскери оркестр әуенімен жауынгерлік рухты көтерген бұл көрініс көпшіліктің есінде ұзақ сақталары анық.

       Иә, бұл дата жауынгерлік жолдың бастауы ғана. Ал Отан алдындағы адалдық – сарбазға ғана емес, әрбір азаматқа жүктелген ұлы міндет.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button