Жарнама
Жаңалықтар

Абрек, Гром, Онай сынақтан сүрінбей өтті

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының кинологиялық есептоптарына сертификаттау сынағы өткізілді. Кинологиялық топтың дайындық деңгейін тексеру, сыныптық біліктілікті анықтап, растау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру үшін қызметтік иттердің дайындық деңгейі талданды.

Аталған департаменттің қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, аттестациялық тексеру жұмыстарына үш бельгиялық құтқарушы – Абрек, Гром, Онай қатысты. Олар үш кезең бойынша берілген тапсырмаларды орындады. І кезең жедел-құтқару жасағының базасында өтті. Мұнда құтқарушы иттер кинологпен бірге мойынсұну және ептілікті анықтауға бағытталған жаттығуларды жасады. Әрбір жаттығу 5 балдық шкала бойынша бағаланды.

Екінші кезең «Табиғи ортада зардап шеккен адамды іздеу» тақырыбында ұйымдастырылып, Атырау қаласы Ақжар ауылында, Жайық өзенінің жағасында өтті. Құтқарушы иттер белсенді түрде зардап шегушілерді іздестірді.

ІІІ кезең – қираған ғимараттар мен құрылыстардың үйінділері жағдайында іздестіру-құтқару жұмыстары Атырау қаласының «Балықшы» шағынауданында ескі қираған ғимаратта ұйымдастырылды. Мұнда әрбір кинологиялық есеп берілген аумақта 20 минут ішінде іздестіру аймағынан 3 зардап шегушінің екеуін табуы қажет. Іздестіру аймағы ескі қираған балабақша ғимараты болды, нысанның жалпы көлемі – 2000 шаршы метр.

–Иттер зардап шегушіні тапқан кезде кинологына үру арқылы белгі беруі тиіс. Көп жағдайда зардап шегушінің ізін таба алмағанда иттер иіс арқылы іздеуге кіріседі. Барлық адамның өкпесінен бірдей иіс бөлінеді. Құтқарушы иттер осы иіс арқылы іздеп табады, – дейді аталған департаменттің жедел құтқару жасағы кинологиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы Т. Сәрсенғалиев.

Барлық кезеңнің қорытындысында белсенділігі мен кәсіби дайындығы үшін Атырау облысының жедел құтқару жасағының 3 құтқарушы иті сертификаттаудың «А» класына өтіп, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат алды.

Айта кету керек, департаментте кинологиялық апаттық-құтқару жұмыстарына қатысатын барлығы 5 ит бар. Оның екеуі былтыр күз айларындағы сынақтан сәтті өткен болатын. Жалпы құтқарушы иттер жыл сайын сертификаттаудан өткізіліп тұрады.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button