Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ:«Ақжолдықтардың» белсенділігі арта түседі

2019 04 24 103807570500 Жаңалықтар

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Елдегі қабылданып жатқан реформалар мен оның орындалысын қадағалауда саяси партиялардың белсенділігі жоғары болуы тиіс. Олар аймақтағы тұрғындармен қоян-қолтық араласып, кездескен мәселелерді де оңтайлы шешуге атсалысады. 

Осы орайда  «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан ТӨЛЕУІШОВКЕ үш сауал жолдадық.

Партия  өз қызметін жаңғырту бағытында қандай ауқымды жұмыстар атқаруда?

«Ақ жол» – Қазақстандағы Парламенттік үш партияның бірі. Бүгінде Алашорданың ізбасары ретінде танылып келеді. Партия әркез  кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Кәсіпкерлер арасындағы әлеуметтік мәселелерді шешуде Үкіметке сауалдар жолдап, оның орындалысына күш салуда.  Осы орайда бизнес өкілдерін екі салық салудан босату туралы ұсыныстар айтылып, бірқатар сауалдар Үкіметке жолданды. Қазіргі уақытта бұл мәселе оңынан шешіліп, кәсіпкерлікті дамытуға тиімді жол ашылды.

Бұдан басқа, партия жыл сайын Алашорданың тарихын тереңнен зерделеу мақсатында «Алаштың Ақ жолы»  атты байқау өткізіп келеді. Бес номинация және үш турдан тұратын  бұл дода биыл жетінші рет жарияланды. Аталмыш конкурстың ең алғашқы жеңімпазы  болып мен танылған едім. Одан кейін әр жылдары бірқатар жеңімпаздар анықталды. Конкурс жыл сайын Алашорданың құрылған уақытында, яғни 13 желтоқсанда қорытындыланады.

 Стратегиялық міндеттерді жүзеге асырып, игі істерге атсалысуда партияның жергілікті жердегі белсенділігі қандай?

 Бұл ретте партияның белсенділігі қашан да жоғары. Елдегі орын алып жатқан проблемаларға атсалысудан кенде емес. Мәселен, жуырда Қордайда болған мәселеге қатысты бірінші болып үн қатқан да «ақжолдықтар» еді.  Партияның 17 облыста да  филиалдары бар. Біздің аймақта да партияның жасап жатқан жұмыстары аз емес. Жергілікті жерде саяси тұжырымдардың орындалысына «ақжолдықтар» белсене араласуда. Бүгінде облыстық мәслихатта екі депутат бар. Олармен бірге көптеген мәселелерді алға қойып, оны шешу үшін бірқатар жұмыс қолға алынып келеді.  Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасымен бірге жасалып жатқан жұмыс көп. 

Сонымен қатар, халықтың мұң-мұқтажын да назардан тыс қалдырмаймыз. Осы орайда көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына «Мектепке жол» акциясында көмек көрсету жұмыстары басты назарда. Жуырда  көп балалы, жалғызбасты әйелдерге азық-түлік себеті мен қажеттіліктеріне орай  демеушілік қолдаулар көрсетілді. Осынау игі істерге  партияның саяси кеңес мүшесі  Ермекқали Юсупов, Оразғали Қаршегенов, Серік Ерубаев секілді азаматтар зор үлес қосуда. Алашорданың 100 жылдығына байланысты экспедиция ұйымдастырылды. Бұл жұмыс Алашорданың Батыс аймағындағы ошақтарына жүргізілді. Биыл Алашорданың таратылғанына – 100 жыл. Сондықтан, «ақжолдықтар» тарапынан ел атауын «Қазақ Республикасы» деп ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл орындалса, тарихи әділдіктің орнауы болар еді.

 Биылға бағытталған жоспарлармен бөліссеңіз…

 Биылғы басты жаңалық – алдағы уақытта өткізілетін сайлау науқаны. Бұл саяси доданың ерекшелігі  өзгеше форматта өткізіледі. Жекелеген азаматтар өзін-өзі ұсына алмайды, сайлауға түсушілер қоғамдық ұйымдар мен партиялардан ғана ұсынылады. Осынау науқанға біздің партия  белсенділік көрсетеді деген сенім мол.  Сонымен қатар, партия  Елбасының стартегиялық жоспарларын жүзеге асыру жұмыстарын да нықтап алға қойды.  Осы орайда арнайы медижоспар жасақталды. Іс-шаралардың жүйелі жүргізілуі  біздің басты назарда болады.  Алдағы уақытта да «ақжолдықтардың» белсенділігі арта түседі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyraudan-zha%d2%a3a-pojyz-zhol%d2%93a-shy%d2%9bty/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз