Абайдың діни танымы бөлек талдауды қажет етеді
Atr.kz/9 қаңтар, 2020 жыл. Есімі әлемге мәшһүр Абай Құнанбаев та кезінде дүнияуи ілім алған еді. Сол кездегі ілім алу формасы осындай жаңаша түрде жасалып жатыр десек те болады. Дүниелік және шариғи ілімді қатар алған баланың кейін дін жолында ұстаз болуы міндет емес. Біздің мақсатымыз — иманды азамат қалыптастырып шығару.
Екіншіден, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғыртуға арналған оқулықтар шығарылып жатыр. Осы мақсатта мүфтият жанынан аударма бөлімі ашылғанын атап өткеніміз жөн. Қожа Ахмет Яссауидің туындылары, қазақ халқының діни наным-сенім мектебінің негізін салушы имам Матуридидің еңбектері аударылуда.
Үшіншіден, ұлы даламыздың дарындарын дәріптеу бағытындағы жұмыстар елімізде кеңінен қарқын алуда. Дін саласының ғұламасы Сәдуақас Ғылманидың музейінің өзі неге тұрады? Бұдан бөлек, 175 жылдығы дүниежүзі көлемінде аталып өтіп жатқан дара Абайдың туындылары кең көлемде насихатталуда.
Биыл 175 жылдық мерейтойы келіп жеткен Абайды осы уақытқа дейін түрлі ғалымдар, зерттеушілер әр қырынан танытты. Әсіресе, Абай философиясы, әдебиет әлеміндегі Абайдың орны жөнінде том-том еңбектер жасалды.
Кезінде белгілі академик, профессор Мекемтас Мырзахметов ағамыз «Абайдың бір қыры әлі де кеңінен танылмай жатыр. Ол — Абайдың діни танымы» деген еді. Расымен де, біз әлі күнге дейін Абайдың діни танымын кеңінен аша алмай жүрміз.
Діндар, имам ретінде қарастыратын болсақ, Абай ақидасының имам Матуриди наным-сенімінде, мектебі Әбу Ханифа мәзһабында болғанын көреміз. «Алланың мекені жоқ» деп келетін Абай өлеңдеріндегі бір ғана жол осы сөзімізді айғақтай алады.
Демек, біздің алдымызда Абайдың діни мектебін, философиясын, танымын жан-жақты насихаттау міндеті тұр. Осы жерде мына бір өзекті мәселеге қоғам назарын аударғым келеді. Бүгінде «Хақ жолы», «Ата жолы» деген сияқты ұйымдар құрылып, Қожа Ахмет Яссауи сынды аталарымыздың басына барып, кісі түнетумен айналысып жүр. Тіпті, олар өзінің ерушілерін кіші қажылықты сол кесене басында өтеуге үндеп жатады.
Біз бабаларымыздың рухына табынудан сақ болуымыз керек. Өйткені, рухқа табыну — ең ауыр күнә. Және мұндай таным-түсініктің соңы діни сауатсыздыққа алып келеді. Қазір сол хақ жолдамыз деп жүргендерден Яссауидың бір өлеңін немесе даналық өсиетін сұрап көріңізші. Жауап бере алмайды.
Біз өр рухты бабалардың ұрпағы екенімізді мақтан тұта отырып, олардың дүниетанымымен, еңбектерімен танысуымыз керек. Және бабаларымыздың еңбектерін дәріптеу – негізгі парыз болып қала бермек.
Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі
Тағы оқыңыз: