
Абайдың 180 жылдығы: Астанада «Домбыра party» кеші өтті
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен Нұржол бульварында, яғни «Керуен» сауда орталығы маңындағы ашық алаңқайда Абай күніне арналған «Домбыра party» кеші өтті, — деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған шарада қазақтың қара домбырасымен Абайдың әндері шырқалып, күмбірлеген күйлер төгілді. Қала тұрғындары мен қонақтары еркін форматта өткен кешке белсене қатысып, ұлттық аспаптың үніне құлақ түріп, өздері де ән шырқап, күй шертуге мүмкіндік алды.
«Биыл – ұлы Абайдың 180 жылдығы. Бүгін классик ақынымыздың туған күні. Осыған орай еліміздің рухани астанасы — Семей қаласында кең ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтіп, халқымыз Абай мұрасына деген құрметін тағы бір мәрте терең сезініп, танытты.

Ал елорда төрінде ұйымдастырылып отырған бұл кеш — сол Семейдегі мерекелік думанның жалғасы, әрі астаналықтардың да ұлт рухына, Абай мұрасына үн қосуының айғағы.
«Абай – бар қазақтың ортақ рухани темірқазығы. Сондықтан Семейде өткен той – тек бір өңірдің емес, күллі халықтың қуанышы. Бүгінгі «Домбыра party» кеші арқылы елорда жұртшылығы да өз тарапынан Абай рухына тағзым етіп, оның өсиет сөздерін, ән-күйлерін ел болып еске алуда. Бұл – рухани сабақтастықтың белгісі», – дейді ұйымдастырушы Алмас Алтай.
Сондай-ақ шараның басты мақсаты — қазақтың төл аспабы домбыраны ұлықтау, ұлттық өнерді кеңінен насихаттау. Енді бір жағынан бұл — қала өмірінің қарбаласынан бір сәтке бой жазып, тұрғындарға серуендей жүріп рухани тыныс алуға мүмкіндік беретін халықтық мәдени демалыс форматы.
Айта кету керек «Домбыра party» жобасы алғаш рет 2012 жылы Лондон Олимпиадасы кезінде қазақ спортшылары жеңіп алған алтын медальдардың қуанышын жұрт болып тойлау барысында бастау алған. Содан бері бұл бастама жалпыұлттық деңгейдегі рухани-мәдени мерекелердің біріне айналып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тың форматына айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елорданың рухани өмірінде маңызды орын алмақ.