Аңыздың астарында ақиқат бар немесе Қыз әулие туралы не білеміз?
Жиембет жыраудың «Жотасы биік Дендерім» деп жырға қосқан мекені Атырау облысының Батыс Қазақстан облысымен шектесер тұсында орна-ласқан. Ресейдің Орал тауының сілемі осы Дендер өңірінде аяқталады. Жергілікті халық бұл тауды «Дендертау» деп атайды. «Дендер» деген атау қалмақтың «төбе», «биіктік» деген сөзінен шыққан. Тау-тасы мен жотасы жан түсінбес жұмбақ сыр бүккен бұл мекенге қатысты әпсана көп. Осы жерде өмірге келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиевтың Дендертас туралы аңызын оқырман назарына ұсынамыз.
Дендердегі атақты бір байдың Жауһар атты қызы болыпты. Бір күні қыз отауының сыртына біреу дүбірлете шауып келіп, атын мама ағашқа асығыс байлай сала, киіз үйге кіріп келеді. Қаннен-қаперсіз отырған қыз сасқалақтап, киініп те үлгере алмай қалады, әрі үйде жалғыз еді. Аңғарғаны – алдында тұрған жігіттің көз тоймас көріктілігі, таныс емес үйге баса-көктеп кіргенін де іштей батылдыққа жорып қояды. Бай әкесінен қаймығып бұл үйге қыздың қатар-құрбылары да емін-еркін кіре бермейтін. Шала-шарпы қымтанған қыз әдеп сақтап, жігітке «төрлетіңіз» дейді де, өзі жүгіре басып әкесінің шаңырағына барады. Әңгімені естіген әкесі «бұл қай басын-ғандық?» деп ашуға басып, жандайшаптарын шақырып, жігіт отырған қыз отауының сыртын қыл арқанмен шырмап байлап тастайды да, байлауда тұрған айғырын піштіртіп жібереді. «Қыз үстіне баса-көктеп кіргенді көрсетейін!» деген түрі болса керек.
Бір күн өтеді, жігіттен үн шықпайды. Екі күн өтеді, тым-тырыс. Шілденің аптап ыстығы. «Бұл тым болмаса су сұрамай ма екен?» деп енді байдың өзі қобалжи бастайды. Байлаудағы айғыр да ұшты-күйлі жоқ. Құдайдың құдіреті, бай қыз отауының шырмауын шешкізіп, ішке кірсе, ешкім жоқ! Ақылға келген бай әлгі жігітпен тым болмаса тілдеспей, біліспей қалғанына өкінеді. «Жын ба, шайтан ба?» деген күдік көңіліне кіріп, қызынан қайталап сұрай береді. Жын дейін десе, айғырды піштірген кезде өзі де жұртпен бірге қарап тұрған. Осы күннен бастап қыз мінезіне өзгеріс ене бастайды. Күндіз-түні көз алдынан көркем жігіттің бейнесі кетпей қояды.
Сондай күндердің бірінде жігіт қыз түсіне еніп: «Жауһар, сенің әкең жайлап отырған Жамантау, шын мәнінде, жаман тау емес, заманның тауы. Асты-үсті тұнған байлық. Оны алуға сенің көңілі тар әкеңнің ғұмыры жетпейді. Енді оның бұрынғы бар заманы зар заманға айналады. Мен Мәтен деген әулие едім. Саған әулиелік дарытқалы келіп едім, әкең кедергі болды. Бірақ, бәрібір сен әулиелік жолға түсесің. Әке байлығының саған қажеті жоқ, еліңе қызмет қыл, ауырғанды емде, алдағыны болжа, жеріңді қазағыңнан басқаға таптатпа. Сенің әр сөзің, тіпті көз жасың халқыңа пайда әкеледі. Әулиелігіңе елді сендіру үшін тау басына түнде жанып, қасына адам жақындағанда қозғалып, алыстап кететін «Дендер» деген ғажайып тас қалдырдым. Ол тас әзірге сенің қолыңа түспейді, қартайғанда ие бола аласың. Сол кезде ғана еліңе керемет заман орнайды», – деп аян береді.
Жауһар ұйқыдан оянған бойы Жамантауға бет алады. Құрбыларына көрген түсін айтып, бір өзі барғысы келетінін айтады. Артынан шауып келген әкесіне құстай ұшып жеткізбейді. Бойына бір қасиеттің қонғанын сезген қыз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады, ойынан көрікті жігіт кетпей қояды. Амалы жоқтықтан диуаналық күй кешіп кетеді. Бірақ, қыздың айтқаны айнымай келетін, қолының ұшы тиген сырқаты тәуір болып кететін болады. Солай ол «Қыз әулие» атанады. Бай әкесінің бар малы бір жұтта қырылып қалып, байғұс күйге түседі.
Қыз әулиенің кереметтігі сол – ел шетіне жау кіргізбейді, халықтың байлығын тау астына жасырып ұстайды. Баяғы көрікті жігітке деген ғашықтығы бір сәт те басылмайды. Бірде Қыз әулие төбе басына шығып, құсалықтан жылайды, біраз уақыттан кейін басын көтеріп қараса, алдында жарқырап айдын көл жатыр дейді. Бұл қыздың көз жасынан жаралған көл екен. «Күркіреуік», «Сарқырауық» деген бұлақтардан құйылып жатқан көлдің суы мен балшығына Қыз әулие емдік қасиет қосады, тұзды бұлаққа айналған бұл мекен талай адамның дертіне шипа болады. Осы көрініс жанын нұрландырған Қыз әулие айналасына қараса, өріс малға толыпты, ел еңсесін көтеріпті. Алақанында – ғашығы Мәтен айтқан Дендертас! Жар-қыраған тасты қолына қыса ұстаған күйі «Мәтен, мен Дендертасты таптым!» деп төбеге қарай жүгіре жөнелгенде алдынан бір қария кезігеді. «Жауһар, мен мұндамын. Дендертасты еліңе шашу қылып шаш. Бұл – байлық нұры, бақыт жыры!» – дейді де, көзден ғайып болады. Құшағын жайған бойы ауа қармап қалған Қыз әулие: «Мен енді не істеймін, Мәтен?» – деуге ғана шамасы келеді. Сол кезде бейіт астынан: «Біз өмір бойы бір-бірімізге қолымыз жетпей өттік, енді сен менен алыстама», – деген дауыс естіледі. Қыз әулие сол сәтте Дендертасты еліне шашу қылып шашады. «Жұрттың бәріне жетті-ау» деген кезде өзі де Мәтен зиратының жанына барып, жер астына кіріп жоқ болып кетеді. Сөйтіп, Мәтен мен Жауһардың зираттары ел бас иетін қасиетті мекенге айналады.
Қыз әулиенің көз жасынан жаралған Индер көлі айнадай болып жарқырап жатыр. Қазақстанда теңдесі жоқ «Мұзқұдық» та – осы маңда. Қысы-жазы ерімейтін «Мұзқұдық» жайлы да ел аузында аңыз көп, соның бірінде ол Жауһардың Мәтенді енді таба алмайтынына көзі жетіп, көңілі суынғанда пайда болған делінеді.
Мәтен бейіті мен Қыз әулие мәңгілік тыныстаған жерден сәл алға жүрсең, алдыңнан Махамбет пен Сырым батырға бата берген Малайсары бидің мазары көзге шалынады. Одан қырық шақырымдай жерде Мұрат Мөңкеұлының зираты жатыр.
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,
ақын, халықаралық
«Алаш» сыйлығының иегері.
25 қыркүйек күні №75 санындағы «Аңыздың астарында ақиқат бар немесе Қыз әулие туралы не білеміз? атты танымдық мақаланы оқып, таң қалдым. Шындығында қазақ жері ғаламат қой. Аңызға бай, өзі көркем туған жерімізге саяхаттылық. Шетелге ақшаны босқа шашпайық.
Өзім мұғалім болғандықтан «Атырау» газетінің №75 санындағы «Аңыз астарында ақиқат бар немесе Қыз әулие туралы не білеміз?» деген мақаланы шәкірттеріме оқып бердім. Жас бүлдіршіндер өте қызығып тыңдады. Алда да осындай материалдар жарық көрсе екен.
Жастайынан сөз өнеріне өскендіктен құмартып газет-журналды көп оқимын. Жақында санындағы «Аңыз астарында ақиқат бар немесе Қыз әулие туралы не білеміз?» деген тақырыпты оқып, көңіл көкжиегімді кеңейттім. Шіркін, туған жердің әр тасы сыр айтып тұр ғой. Осыны бір қадеге жаратып, туристер келіп-кетететін мекенге айналдырсақ…