Ақырып теңдік сұраған…
Халық батыры Исатай Тайманұлының 225 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті.
Кеше Исатай ауданында халық батыры, егеулі найза қолға алып, ел қорғаған Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толу мерейтойы жоғары дәрежеде аталып өтті. Осынау айтулы күн 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің 180 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр.
Мерекелік шаралар халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшы Исатайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан соң алыс-жақыннан келген қонақтар, аудан жұртшылығы «Жалын» мәдениет үйінде ұйымдастырылған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналды. Ол «Тарих және Тұлға» деген тақырыпқа арналды.
— Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған азаттық көтерілісінің басшысы, Исатай бабамыздың 225 жылдық мерейтойының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келуінде сабақтастық пен үйлесім бар деп есептеймін. Батыр тұлғасын оның артында тұрған қалың жұртынан, сол елдің сан ғасырлық мәдениетінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, Исатай Тайманұлы – азаттық қозғалысының көш бастаушысы ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен элитаның осы мезгілдегі дәреже, деңгейін анықтаушы тарихи құбылыс деп білемін, — деді Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков.
Бұрын Новобогат деп аталатын ауданға 1990 жылы Исатай есімі берілді. Бұл жаңалықты халық «тарихи әділдік, ерлікке тағзым» деп қабылдады. Қазір жергілікті жерде бір ауылдық округ, көшелер батырдың атын ұлығылап тұр. Аудан орталығынан Исатай Тайманұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылып, екі ауылда бюст орнатылды. Тарихи тұлғаның 200 жылдығы да ерекшелігімен ел есінде қалды. Ол Қазақстан Тәуелсіздік алған 1991 жылы республикалық деңгейде тұңғыш рет тойланған болатын.
Бабамызды ұлықтауда исатайлықтардың атқарып отырған қызметі атап айтарлық. 2014 жылдың қарашасында Исатай ауданы азаматтарының қолдауымен Ақтөбе облысының Шейітсай деген жерінде халық батыры Исатай Таймановтың кесенесі тұрғызылды. Биіктігі 11,5 метр, аумағы 68 шаршы метрді құрайтын сегіз қырлы ғимарат тарихи тұлғаның алдындағы бір парыздың өтеуіндей болды. Өйткені, батыр басының қараймай, ескерусіз қалуы көпшіліктің жанына батып жүретін.
Исатай бабаның тарихтағы орны аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жан-жақты атап көрсетілді. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, Ақтөбе облысы, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков тарих пен тұлғаның сабақтастығын терең зерделей әңгімеледі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары Лесқали Бердіғожин, Амангелді Шамғонов, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісін зерделеудегі жаңа көзқарастар туралы тың деректерді көпшілік назарына ұсынды. Ал, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай көтерілістің ақын-жыраулар деректерінде көрініс табуы туралы төгілте баяндады.
Халық батырының 225 жылдығына арнайы келген меймандар И.Тайманұлы атындағы тарихи мұражайының жаңа экспозициясымен танысты. Кешкісін қонақтар «Туған ер Исатай да ел бағына» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.
(Мерекелік шара туралы толық репортажды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).
Азамат Базарбаев