Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Маралтай Райымбекұлы: «Тілі тістеулі ақын – қияқсыз сұңқар, тұяқсыз тұлпар сияқты»

– Ақ Жайықты атакүлдігім деп санайсыз. Жайық туралы керемет өлеңіңіз де бар. Жалпы, бабалар еліне деген махаббат қалай сақталады?

әдебиеттің әңгімесі

– Мен тоқтаған түйінді байлам: ата-баба жұртына деген махаббат, атакүлдіктен тамырын үзіп алған болмыс, атамекенге деген ұлы ынтызарлық. Ықылас пен Сүгірдің жүрегінде сөйлеп тұрған осы қасиеттер маған да тән, маған да бөтен емес. Әрдайым көне Жайықтың бойындағы ер бабаларымның табаны тиген топырақ мені де беймәлім күшпен өзіне тартып тұрғандай әсерде боламын. Қазақтың Ұлы даласында әрі де бері сенделсек, ол — еріккендіктен емес, ұлы бабаларымыздың иелік еткен ендік-бойлықтарының бүтіндігіне жұмсалған ар-намыстың бодауы еді.

Мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе — адамның артта қалған жақсы ісі. Оны Абай атамыз да айтқан. Адам баласы өмір бойы өліммен күреседі. Өлімді жеңетін құдірет — туған жерге деген махаббат пен өлмейтін өнер ғана. Бұл — Қорқыттан қалған философия. Біздің де атажұртымыз Жайық болғандықтан, Ата-Жайыққа қарайлай жүрміз. Сен айтып отырған Жайық туралы «Адасқақ» дейтін жыр да осындай себептерден туған болатын.

– «Қызыл өлең», «Алатау», «Әдила» сынды классикалық жырлардың авторысыз. Өлеңді сағынасыз ба?

– Өлең — ақын! Ақын — өлең! Бірін-бірі сағынбауы мүмкін бе?! Тағдырсыз ақын болмайтынындай, тағдырсыз өлең де болмайды. Менің әр өлеңімнің тағдыры бар, тарихы бар. Сен айтып отырған «Қызыл өлең» де, «Алатау» мен «Әдила» да – әулет, қоғам және жеке адамның басындағы трагедиялар. Асанәлі аға айтып еді: «Маралтайдың бір өлеңі — бір спектакль» деп. Сол кісінің сөзінде жан бар. «Қызыл өлеңде» қарақшылардың қолынан 30 жасында мерт болған туған ағам жайлы, жесір жеңгемнің тағдыры туралы сыр шертілсе, «Алатауда» қазақ халқының аяулы перзенттері Алтынбек пен Заманбектің болмысын астарлы түрде жеткізуге ниеттендім. Ал, «Әдила» — ол небәрі 15 жасында жарық дүние дидарына «қош» айтқан, он екіде бір гүлі ашылмаған аруға жырмен қойылған ескерткіш.

«Өлеңді сағынасыз ба?» дейсің. Менің өте аз жазатынымнан хабардар болдың-ау. Өлең деген өмір ғой! Өлең – менің өзім. Мен енді қайтып ешқандай өлең жазбасам да, жүрегімнің ең соңғы лүпілі өлең деп соғарын сеземін. Өлеңді сағыну — өмірді сағыну. Өлеңге он сегіз мың ғалам – сыйып тұр. Он сегіз мың ғалам Алланың ұлы үйлесімі еді.

– Шығармашылық адамның жалғыз ғана сырласы бар. Ол – жалғыздық. Бұл күй қазір сіздің басыңызда бар ма?

– Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Асылық айтсақ, Алла кешірер, Алладан кейін ақынға жарасқан. Себебі, ақын – Алла жаратқан он сегіз мың ғаламның сұлулығын, Алла Тағаланың құдіретін мадақтаушы. Өмірзақ Қожамұратов:

Өлең жазып жатқанда

Құдай да бір – мен де бір,

Құмырсқа да бір – сен де бір!

Өлең жазып болған соң

Құдай да бір – сен де бір,

Құмырсқа да бір – мен де бір,-деп толғанады. Бұл өлең түсінікті болуы керек, сондықтан, түсіндірмейміз…

– Қазір өмірден өткен қаламдастары туралы естелік-эссе жазып жүрген ақын-жазушылар баршылық. Оның да өз мәдениеті бар. Сіз кім туралы жазар едіңіз, жазар болсаңыз?..

– Мағжан айтып па еді: «Надан адам өлім жоғын білмейді!»-деп. Баяғыда Әбділда Тәжібаевты Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық драма театрдан шығарар кезде қоштасуға келген қалың нөпірдің арасында тұрып Өтежан ағамыз айқайлап еді: «Ей, осы ел өлімнен неге қорқады!»-деп. Бақиға озған пенде туралы сөз — ең ауыр сөз, азапты сөз, кісілікті сөз. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деген принцип бұл жерге жүрмесе керек. Бізді, әрқайсысымызды алдымызда күтіп тұрған ұлы кездесу бар. Сол кезде біз кім туралы не айтып, не істегеніміз үшін ғана емес, тіпті не ойлағанымызға да жауап беретін боламыз. Бұл – аса әділетті Алланың қағидасы.

…Әрине мен өзім туралы естеліктер жазып жүрмін. Өзің туралы өзіңнен артық кім айтар?!

– Рухани жаңғыру процесіне байланысты көптеген ірі жобалар қолға алынып жатыр. Біраз зиялы қауым өкілдері туған еліне барып, жұртшылықпен жүздесу сапарында. Сіз осы бір аңсап қолымыз жеткен ізгі идеология науқаншылықтың шаңына көміліп қалады деп қауіптенбейсіз бе?

– Елбасының бұл тұжырымдамасы шын мәнінде барша қазақтың жүрегіне жол тапқан алтын кілт сияқты болды. Қазақ еліне, қазақ мемлекетінің болашағына, баянды мұраттарына қызмет ететін бұл жобаны қолдап қана қоймай, оны іске асыру жолында әрбіріміз бар мүмкіндігімізді аямауға тиіспіз. Елбасының бұл концепциясы ұлт бойындағы ұмытылып бара жатқан асыл қасиеттерінің көзін ашып, туған елге, туған жерге деген құрметтің алауын маздатты. Жақында мен өзім де туған жерім Жамбыл облысы, Сарысу ауданына барып үш мектепте кездесу өткізіп, қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша үздік оқушыға қаржылай шәкіртақы тағайындап кеттім. Жеке кітапханамнан мектептерге тарту жасадым. Сондай-ақ, сол Сарысу ауданынан шыққан Қазақстанға белгілі өнер шеберлерін ұйымдастырып, аудан орталығында жұртшылыққа тегін концерт бердік. Әрине, мұның бәрі Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясында өткізілді. Бұл – ұлы жобаның бір тармағы ғана. Енді осы жобаны өзің айтқандай, науқаншылықтың шаңына көміп алмай, ұлт игілігіне барынша тиімді пайдаланудың жолдарын мүлт жібермеуге тиіспіз. Ол үшін «келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, әрбір істі білікті мамандармен ақылдаса отырып әрекет етсек, ұлт ұпайы түгенделе түсері хақ.

– «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін», «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген арлы ұлттың ұрпағымыз. Тіліңізді тістеген кезіңіз болды ма?

– «Ақын болып туып өз бақытымды жасырар болсам халқымнан, тілімді кесіп тастауым керек онда мен» деп Айбергенов жырлап еді. «Бақыттылығымызды» бар әлемге жар салып айта алғанымызбен, «бақытсыздығымызды» паш етуге келгенде кейде тіліміз тістеулі екенін несіне жасырамыз. Ақынның тілі кесілгені — ділі кесілгені. Тілі тістеулі ақын — қияқсыз сұңқар, тұяқсыз тұлпар сияқты. Шын ақын қандай да жолмен елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға міндетті.

– Әрбір саналы адам өз ұлтын өлердей сүйіп қана қоймай, оның бойындағы дертті тануы тиіс. Қазақтың бойындағы дертке қандай диагноз қояр едіңіз?

– Қазақтың бойындағы барша дерттің атауы Абай Құнанбайұлының сөзінде нақты көрініс тапқан. Сондай-ақ, сол рухани дерттердің дауасы да осы Құнанбайұлының жазбаларында тайға таңба басқандай болып көрініп тұр. Демек, дертімізге дауа бар. Емдік шараларды баяғыда-ақ жаппай халық болып қолға алуымыз керек еді. Қазақ Абайды туғалы да бір жарым ғасыр өтті.

Әрекет керек, қазақ баласы!..

Сұхбаттасқан: Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button