Ақтаудағы әскери бөлімшеден қашқан сарбаз сегіз күн емін-еркін қыдырып Атыраудан бірақ табылды
Жуырда Ақтаудағы 6656 әскери бөлімінен қашып кеткен сарбаз Атыраудан табылды. Сергей Пыхалов Атырауға 19 шілде күні жолшыбай кездескен көліктермен жетіпті. Ал келесі күні оны жергілікті әскери полицейлер облыстық перзентхана маңынан ұстап алған.
Қашқын жауынгердің не себепті қашқаны және 1 апта бойы немен айналысқаны әзірге белгісіз. Қазіргі уақытта «Батыс» аймақтық әскери прокуратурасының қызметкерлері оны Ақтауға қайтару мәселесімен айналысып жатыр. Айта кетейік, әскерге биыл Қарағанды облысынан шақырылған Сергей Пыхалов 12-ші шілде күні ұшты-күйлі жоғалған еді. Сол күні Ақтаудағы № 1-ші емханадан медициналық тексерістен өтуге келген ол, дәретханаға барамын деп сұранып шығып, содан қашып кеткен.
Ринат Құсайынов, 6656 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
-Қазір оны Ақтауға әкеле жатыр. Ал жауынгердің жасаған әрекеті – әкімшілік құқық бұзушылыққа жататын болғандықтан, соған сәйкес шара қолданылатын болады.
Дерек көзі: КТК