Ақкүміс — «Атырау аруы»
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас қоғам» қоғамдық бірлестігі «Vero Models» модельдік агенттігінің ұйымдастыруымен Махамбет атындағы Қазақ драма театрында «Атырау аруы – 2016» байқауы өтті.
Жастар арасында ұлттық сән киім үлгілерін насихаттау, мәдениеттілікке тәрбиелеу, қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, қолдау мақсатындағы сұлулық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып жүр.
Бұл жолы белгілі дизайнер Мәлика Дүйсенбаева, «Қазақстан Атырау» телеарнасы директорының орынбасары Жанар Байсемізова, ақын Қалқаман Сарин, жастар саясатының басшысы Жасұлан Бисембиев, байқауды ұйымдастырушы Вероника Кошманова байқауға қазылық етті.
Байқау нәтижесінде I вице-мисс атағы мен 100000 теңге Самал Испусиноваға бұйырса, II вице-мисс атағына және 50000 теңге қаржылай сыйлыққа Айман Назенғалиева ие болды.
Ал, «Атырау аруы–2016» тәжі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті, 21 жасар Ақкүміс Елемесоваға табысталды. Байқаудың бас жүлдесін иеленген Ақкүміске 200 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық ұсынылды.
Жеңімпаз Ақкүміс Елемесова енді «Қазақстан аруы» байқауында Атыраудың намысын қорғайтын болады.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Вырезка!
Ақкүміс ЕЛЕМЕСОВА,
«Атырау аруы–2016» байқауының жеңімпазы:
- «Атырау аруы —2016» атағы өзіме бұйырғанына сенер емеспін. Қатты қобалжыдым. Өйткені, өзім қатарлы қыздардың бәрі сұлу, бірінен-бірі өткен өнерлі. Ендігі кезекте маған артылар жауапкершілік жүгі зор. Сондықтан, «Қазақстан аруы» байқауында сенімнен шығуға, үкілі үмітті ақтауға тырысамын. Менің осы сайысқа қатысып, жеңіске жетуіме үлес қосып, қолдау танытқан барлық достарыма алғысым шексіз.