АЭС: Атырау сервис колледжінде ақпараттық дәріс өтті
Атырау сервис колледжінің студенттеріне атом электр станциясы құрылысы бойынша ақпараттық-түсіндірме дәрісі өткізілді.
Дәрісте Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәмиға Таңатарова атомды зерттеу тарихын егжей-тегжейлі түсіндіріп, әлемдегі уран өндірісі туралы маңызды деректер туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атом энергиясы стратегиялық рөл атқарады. Профессор тарихи тұрғыдан алғанда, атомды бейбіт мақсатта қолданудың маңыздылығы мен қазіргі таңда бұл саланың дамуы туралы айтып өтті.
Сонымен қатар, дәріс барысында АЭС құрылысына байланысты көптеген сұрақ көтерілді. Тарихшы мұндай жобаларға халықтың терең түсіністікпен қарауы қажеттігін баса айтты. «Соңғы 10 жыл бойы талқыланып келе жатқан мәселеге нүкте қойып, нақты шешім қабылдайтын уақыт келді» деген оймен дәрісін аяқтады.
Бұл дәріс студенттерге атом энергетикасы және оның ел экономикасы мен қауіпсіздігі үшін маңыздылығы туралы түсінік қалыптастыруға көмектесті. Осындай іс-шаралар болашақ ұрпақтың елдегі энергетикалық мәселелерге жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.