Алик Шпекбаевтың Атырауға не себепті келгені белгілі болды
Атырау облысына жұмыс сапарының екінші күні Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қалалық мемлекеттік мекемелердің қайта құрылған қызметімен танысты.
Ол бизнес-қоғамдастықпен және жұртшылықпен кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша жаңа филиалына барды. Мұнда бір мезгілде 30 тұтынушыға қызмет көрсетіледі. ХҚКО үшін қалыпты емес Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қызметтерін көрсетеді.
Осыдан кейін А.Шпекбаев облыстық сот жанындағы Құқық қорғау және татуластыру қызметтері орталығына жол бастады.
«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз қызметтер ауқымын кеңейттік. Егер бұрын орталық азаматтарға тек құқықтық кеңес берсе, қазір өтініш білдірушілер білікті заңгерлік, психологиялық және медиативтік көмек алады» деп атап өтті облыстық сот төрағасы Б.Жұмағұлов.
Одан кейін агенттік төрағасы Атырау қаласы сервистік әкімдігінің қызметімен танысты. Бірінші қабат ыңғайлы қызмет көрсету үшін толығымен қайта жасақталған. Сондай-ақ, жедел өзара әрекеттесу үшін қызметкерлер, соның ішінде менеджерлер «open space» жұмыс форматына көшті.
Сервистік әкімдік ғимаратында болған ведомство басшысы тұрғын үй, жер алу және тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады.
Сондай-ақ, ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне табан тіреп, «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы жобасының қызметімен танысты және «ZOOM» арқылы студенттермен тілдесті.
Ал, бизнес-қауымдастықпен кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер талқыланды.
Әңгіме барысында агенттік төрағасы мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлін төмендету және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
«Кәсіпкерлер, әсіресе пандемия кезінде мемлекеттің қолдауына аса мұқтаж. Қазіргі жағдайда бизнестің жұмысына кедергі жасау – бұл ең ауыр қылмыс» деді ол.
Бұл тұрғыда кәсіпкерлер мен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасын атап өту маңызды. Осы мақсатта алдын алу жұмыстары жүргізіліп, бюрократиялық кедергілер мен заңсыз араласуға жол берілмейді. Тек Атырау облысында 159 млрд теңгеден астам сомаға 20-дан аса бизнес-жоба қорғаға алынған.
Сапар соңында А.Шпекбаев азаматтық сектор өкілдерімен және журналистермен кездесті. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың соңғы жаңалықтары баяндалды.