Даңғазаның дүрмегі һәм Абай тағылымы
Ас демекші, уағында хакім Абай әкесі Құнанбай қажының асын өткізбей, оған кетер шығынды есептеп, соның бәрін қайырымдылыққа жұмсап, білім қуған жас өскіндер мен шәкірттерге үлестіріп, қалғанын төңірегіндегі жағдайы жоқ жарлы-жақыбай мен жетім-жесірге таратып берген екен.
Ештеңеден таршылық көрмеген, ақылы асып, дәулеті тасып тұрған дала данышпаны Абайдың, әулеттің ғана әкесі емес, күллі қазаққа аты мәлім, «қарадан шығып хан болған» Құнанбай қажының жылдық асын үлкен өнегелі сауапты іске айналдырғаны даналықтың белгісі емес пе? Әйтпесе алты алашқа атағы жайылған аға сұлтанның асын аяқсыз қалдырды дегенге кім сенеді?
Ешкімнің сөзін елемей, өзгерісті өзінен бастап, қажы әкесінің асына деп аталған дүниені кедей-кепшік пен интернатта оқып жүрген қазақ балаларына таратып беруі – сол тұста дарақылықтың шыңына шыққан қазаққа үкімді үлгі еді. Алып ақын өзгелердің сынына қарамай, өнегесін өміршең өлеңімен ғана емес, ізетті ісімен де көрсете білді. Той-томалаққа емес, тәлім мен білімге салған қаржы болашақтың кеудесінде бүр жарар мейірімділік пен ізгіліктің кепілдемесі екенін ұқтырды. Осы бір үрдісті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты міндеті іспетті. «Абай жылында» ойшыл хакімнің өлеңін ғана жатқа айтып қоймай, өмірінен өнеге, қарекетінен берекет тапсақ игі еді…
Абыз ақынның шығармашылығына қармақ салсаңыз, күршегіңіз бірден қазақтың астамшылығына ілінеді. Ол көзге оғаш, көңілге қораш көрінетін киізкөкірек қоғамдағы өз даңғойлығына өзі риза болатын дарақы бай мен қатарынан қалмайын деген кедейдің кердеңдігін аяусыз сынады. Сондықтан Абайдың «Ойлағаны – айт пен той, ыржаң-қылжаң итмінез» деген сөздері бүгінгі қоғамның санасынан саңылау тапса дейміз. Шапанына сыймай шіренген бай-бағландар осыдан тәлім алып, қолда бар қаржысын білім мен ғылымға қиса, біз де технологияның құлағында ойнар ма едік?
Әйтсе де, қымтап қайтеміз, той десе қу басы домалайтын, барын тойға шашудан тайынбайтын қазақ даңқын асыруға тырысып, ысырапшылдыққа жиі жол беретіні жасырын емес. Сол баяғы Абай сынаған әдет: атағын шығару үшін үймелі-түймелі дастарқан жайып, бекер мал шашпаққа ұрынады. Бай-бағландар тойды шоуға айналдырып, тікұшақпен аспаннан ақша шашу, шетелден әсіреқымбат сыйақыға өнер жұлдыздарын шақыру, салмағы әлденеше тонна тартатын алып торт жасату сияқты дарақы мінез қалыпты жағдайға айналды.
Бұл атымтай жомарттық емес, керісінше дарақылықтың дүрмегі. Көбі үйленген екі жасқа демеу-сүйеу болудың орнына бәсекелестікпен той жасап, ертесіне шашылған ақшаның орнын толтыра алмай шаш етектен шығынға батып, шырғалаңға түседі. Шәкәрім қажының «Мақтан үшін борышты, үсті-үстіне үймесек, аяғында қайтеміз, банкрот боп күймесек» деген қынжылысы осындай келеңсіздікке арналған. Тойшыл топтың әуелі шашылып, сосын ашығып жататыны сондықтан.
Өкініштісі, бір кездері ұлағат ұясы, тәрбие мектебі болған қазақтың тойынан қасиет кетіп бара жатқандай көрінеді. Өйткені мақтаншақтық, бақастық, даурықпа даңғазалық, ысырапшылдық – қазіргі қазақ тойының арқауы десек өтірік емес. Көбік сөзін көпірткен жаттанды асаба, даңғаза музыканың толқынына ұрылып шаршап-шалдыққан қария, сөз сөйлеуге құлшынған ұзын-сонар кезек – қазіргі тойдағы қалыпты көрініс.
Ендеше, тойдың мазмұнын да тиянақтап, қатысушылар құрамын да ықшамдайтын уақыт жеткен сияқты. Ас беру, Құран бағыштау, өлікті жөнелту рәсімдері қаралы митингіге айналып жүргені де мұсылмандық қағидаларға қайшы. Обал мен сауапты тең ойлап, той мен асқа кететін жөн-жосықсыз шығындарды азайтып, Абайдың тағылымымен, сол қаржыны қайырымдылық жасауға, жастардың оқу-біліміне, қариялардың денсаулығын түзеуіне, шаңырақ көтергендердің үй алуына, тұрмысы төмен отбасылардың күнкөрісіне жұмсаса қандай мағыналы сауапты іс болар еді десеңізші?!
Соңғы кезде әлемді әбігерге салып, елді есеңгіреткен індет адамзаттың өмір сүру салтына, жаһанның тіршілік ырғағына орасан өзгеріс әкелді. Дүние дидарына қысқа уақытта өрнегін салып, қалыптасқан қағида, мызғымас жүйелерді астан-кестен еткен ауыр кесел зауалға айналып, барша халыққа салмақты салдар, ащы сабақ қалдырды. Қаншама игі жақсыларымыз өмірден озып кетті. Осыдан қорытынды шығарып, мағынасыз жиыннан, даңғаза тойдан тыйылып, ысырапты обал деп біліп, сауапты ізгілікті істерді дәстүрге айналдыра алсақ, игі еді.
Әйтпесе, карантин кезінде тізгін тартып, тәртіпке мойынсұнғанмен, тығылып той жасайтындардың көңілін қалдырмаймыз деп өмірімізді өксітіп ала жаздаған жоқпыз ба? Босағада жағалаған індеттің төрімізге аралап-балалап кетуіне жол ашқан көп себептің бірісі де, ірісі де – халқымыздың топырақты өлім мен торқалы тойдан қалуға болмайды деген даңғаза дағдысы екені белгілі.
Қазір де мамандар індеттің тағы бір толқыны алда екендігі туралы ескертіп, сақтық шараларын күшейту туралы дабыл қағып жатқанына қарамай, карантин сәл босаңсығанда сол тойқұмар, қонаққа қыдырымпаз мінезіміздің қайта қоза бастауы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек» деген пайымды пікіріне тоқтаған жөн. Өйткені расында «қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр».
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ