«Қызыл империяның» қылышынан қан тамып тұрған тұста…
Аtr.kz/1 маусым, 2020 жыл. Тарих – өткенге сабақ, келешекке өнеге. Ел ішіндегі ерлердің соғыс кезінде жер қазу жұмыстарына жұмылдырылуынан, ашаршылық алапаты салдарынан қынадай қырылған қазақ елі еңсесін көтерместен «қызыл империяның» қуғын-сүргініне тап болды.
Ашаршылық жайлағанда еліміздің 64 пайызы жұтқа ұшырап, тоталитарлық жүйе атты ылаңның еріксіз құрбанына айналды. Солақай саясаттан жәбір көріп, жазықсыз сотталғандар саны үш миллион 777 мың адамға жетті. Оның 642 мыңы дәлдеп атылған оқтан көз жұмды. Бұдан басқа зұлмат заманның зобалаңы «ұлтым» деп ұрандаған мыңдаған саналы азаматты қамады. Айдауға түсіріп, Сібірге жер аударды.
Елбасы-Тұңғыш Президенттің 1997 жылы 5 сәуірдегі №3443 Жарлығымен 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл – саяси, тарихи, тағылымы зор, қасиетті де қаралы күн. Ұлттық аза тұту күні.
Тарихи деректерге сүйенсек, аштықтың негізі әріде. 1916-23 жылдар аралығындағы жұттың ең бірінші себебі соғыс кезінде атпал азаматтардың жер қазуға жұмсалып, жұмыс күшінің жетімсіз болуында жатыр. Екіншіден, Қазан төңкерісінің әсері, яғни, өкімет басына келген жаңа басшылықтың солақай саясаты, соның нәтижесінде отарлау ықпалының белең алуы. Алғашқысында Қазан жеңісін жария етіп, революцияның дүниежүзілік сипатын өсіру деген дақпыртпен 1920 жылдың басында елдегі жаппай ашаршылыққа орай, төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар арасында азық-түлік салығы енгізілді. Асыра сілтеушілік бағытта жүрген бұл талаптың үдесінен шығу үшін ел адамдарының бар жиған- тергені, алдындағы азығы зорлықпен тартып алынды. Осы ретте арнайы жасақталған портотрядтар пәрменді жұмыс жүргізді. Пролетариат көсемінің тікелей тапсырмасына сай, 1921 жылдың 15 тамызынан бас- тап, Мәскеуге күніне 60 вагон астық жөнелту туралы талап қойылған. Дәл осы жылдары қыстың қатты, жаздың ыссылығынан, қуаңшылық жайлады, астық тапшы болып, мал арықтады. Нағыз жұт басталды.
Тарихи деректерге сүйенсек, тап осы шақта Нарын құмын жайлаған қазақтардың жағдайы тіптен нашарлап кеткен. Бұл өңір 1921 жылдың бірінші тамызынан бастап, ресми түрде аштыққа ұшыраған аймақ ретінде танылды. Бір жылдың өзінде мыңнан астам адам қайтыс болды. Оның үстіне жер-жерде жиылған бандылар тобы әбден титықтаған халықтың талғажау қылар тамағын өздеріне татырмастан, тартып алып отырғаны да тарихи шындық. Мұндай келеңсіз оқиғалар Қызылқоға өңірінде де көрініс алған. Жайықтың шығыс бетін жағалай қоныстанған ауыл адамдарының малын Серов деген бандының тобы тартып алып отырған. Міне, осындай аласапыран шақта өлместің күнін кешіп, бірі бас сауғалап, үдере көшсе, енді бірі көшке де ілесе алмастан, бақилық болып кетті.
Отыз екінің ашаршылығына негіз болған жиырмасыншы жылдардағы жұт өзге елдерге де тән құбылыс еді. Осы себепті 1921 жылдың 19 шілдесінде Одақ бойынша ашыққандарға көмек көрсету үшін орталық комиссия құрылып, қайырымдылық қоры ашылды. Жиылған салық пен көмек түрлері Мәскеуге немесе Орынборға жөнелтіліп, сол жерден мемлекеттік көмек ретінде ашыққандарға жіберілді.
Ашаршылық атты зұлматты қанды шеңгелдің құрсауынан шыға алмай, қатары күн санап сиреген қазақ халқы басын көтеріп, бауырын бүтіндей алмаған күйі екінші қырғынның құрбанына айналды. Бұл жолы аяусыз жазалаушы жүйенің жетегіне ілесіп, тоталитарлық жүйе, репрессия аталатын зобалаңға ұрынды. Сол кездегі саяси жүйе ұлтымыздың небір зиялы азаматтарын атып, асып қана қоймай, отбасыларын ойрандады, ұрпақтарын, тумаларын түбегейлі жапа шектірді. Қылышынан қан тамған отаршыл жүйе кезінде Ақмола қуғын-сүргіннің нағыз отанына айналды. Талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерьдің үшеуі еліміздің аумағында құрылды. Атынан адам шошырлық АЛЖИР лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды. Мұнда отыз мыңға жуық нәзікжан жазасын өтеген.
Қазақтың асыл азаматтарын оққа байлаған репрессия 1929-1953 жылдар аралығында кеңес Одағын мекендеген 40 миллионнан астам жанға жазықсыз жала жапты. Ал, Қазақстан бойынша 1921-1954 жылдары өтірік тағылған саяси кінәмен 100 мыңнан астам адам сотталып, оның отыз мыңдайы ату жазасына кесілген.
Бұл күнде тәуелсіздік таңы атып, әлем таныған мемлекеттігіміз нығайып келеді. Ел мүддесіне қатысты күрделі экономикалық, әлеуметтік- саяси мәселелер де дер кезінде шешілуде. Халық басынан кешкен қилы оқиғаларды сабырмен салмақтау – парыз. Осынау қасіретті датаның астарындағы ақиқатты ұрпақ жадына мәңгілікке жаттатып, әділетсіздікке қарсы тұрған ерлер рухына тағзым етуді бір реттік емес, мәңгілік мұратқа айналдыруымыз қажет. Нақақ жала құрбаны болған боздақтардың есімдерін ел есінде сақтау мақсатындағы шараларды күн тәртібінен түсірмеу – кезек күттірмейтін келелі істердің бірі.
Гүлжан ӘМІРОВА