60 пәтерлік тұрғын үй мен бизнес-инкубатор пайдалануға беріледі (+ВИДЕО)
Atr.kz/13 тамыз, 2020 жыл. Махамбет ауданында алпыс пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жуырда пәтер баспана кезегінде тұрған ауыл тұрғындарына табысталады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Махамбет аудандық тұрғын үй, коммуналдық — шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Сапаровтың айтуынша, ауылдарда құрылыс жұмыстары пандемия кезінде тоқтаған жоқ.
» Өткен жылы құрылысы салынып басталған 60 пәтерлік тұрғын үй көпбалалы, жетім, әлеуметтік осал топ отбасыларына, апаттық жағдайда тұрған және бюджет қызметкерлеріне табысталады. Қазір үйдің құжаттары нақтылануда. Қазіргі уақытта аудан орталығында, Сарайшық, Ортақшыл ауылдарында электрлендіру, газ жүргізу жұмыстары басталды. Қыркүйек айында толықтай аяқталады деп күтілуде» дейді Аслан Сапаров.
Тұрғын үйдің 30 пәтері 2 бөлмелі, қалғаны 3 бөлмелі. Үй құрылысын «Гарант строй 2008» ЖШС мердігер компаниясы жүргізген.
Махамбет ауданындағы тағы бір маңызды нысанның бірі — «Бизнес инкубатор» жобасы. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында салынған ғимаратта жас кәсіпкерлер шыңдалады.
«Аудан орталығында қараусыз қалған «Нарын» базары қазір заманауи кәсіпкерлер бас қосатын орталыққа айналады деп күтілуде. Бұл жоба менің бірнеше жыл ойымда жүрген жоспарым еді. Қазір құжаттары реттелуде, жуырда жұмысымызды бастаймыз».
Инкубаторда кәсіп бастаушыға арналған 24 кабинет бар. Кәсіпкер болғысы келетін адам осы орталыққа жобасын апарады. Содан кейін таңдаған кәсібімен орталықта үш жыл бойы жұмыс жасайды.
Ал, бұрыннан сұлулық, сән саласы қызметтерімен айналысатын қыз-келіншектер немесе ұсақ саудамен айналысатындар осы орталыққа келіп, әрі қарай жұмысын жалғастыра алады. Бір орынды жалға алу құны — 10 000 теңге.
Бір ерекшелігі, осы ортаға келген адам кәсіпке жер телімін алудың жолдарын, бизнес бастаудың қыр-сырын тереңірек біліп шығады» дейді Махамбет аудандық Туризм және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жексенбай Пазылов.
Айта кетейік, Махамбет ауданында негізінен ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Қазіргі пандемия жағдайында тұрғындарға қызмет көрсету, оның ішінде тапсырыспен үйге тамақ жеткізу, шаштараз, сұлулық қызметтері, көлік жөндеу салаларына сұраныс артып, дамып отыр.
Қазір Махамбет ауданында 1800 жеке кәсіпкер бар. Соңғы сегіз айда 200 адам өз бизнесін бастаған.