Жарнама
Жаңалықтар

2025 жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толады

2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы (1941–1945) Жеңіске 80 жыл толады. Осыған байланысты ТМД елдерінде 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды.
Бұл туралы Kazinform хабарлады.


Сұрапыл соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылды. Қанды қырғын бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмады. Ал қазақ жерінен майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы қайта оралмады. Елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И. Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды.

Қазақстанның табиғи байлығы сол кездегі Қызыл армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. Қазақстан әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етсе, Орал-Ембі мұнайлы аудандары сұйық отын шығаруды арттырды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады.

Биыл РФ президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін ауқымды іс-шараға шақырды. Қазақстан Президенті Жеңістің 80 жылдығын тойлаудың бірлескен іс-шаралар жоспары бекітуді ұсынды.

Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстанда бұл мерейтойға арналған іс-шаралар 2025 жылдың қаңтарынан басталады.

Сондай-ақ, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанда әскери «Айбын» ордендерінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды Екінші дүниежүзілік соғыстың аңызға айналған батырларының есімдері берілді.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстанда қандай маңызды шаралар өтетінін жазған болатынбыз.

https://kaz.inform.kz/news/2025-zhili-uli-zhenske-80-zhil-toladi-709688

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button