2019 жылы жалақы өседі
Елбасының қатысуымен Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзінің жаңа бес әлеуметтік бастамасын жариялады.
«Екінші бастама – еңбекақысы аз қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін салық жүктемесін төмендету. Салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін он есе төмендетуді ұсынамын. Яғни, салық мөлшері 1% ғана болады. Ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің 25 еселік мөлшерінен төмен жалақы алатындар бір пайыз жеке табыс салығын төлейтін болады. Осындай қадамның нәтижесінде босайтын қаражат олардың жалақысын өсіруге бағытталуы тиіс», — деп мәлім етті Назарбаев.
Елбасының айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде елдегі жалдамалы жұмысшылардың кемінде үштен бір бөлігінің жалақысы өседі.
«Ал бұл — екі миллионнан астам адам. Әрі жұмыс берушілерге ешқандай ауыртпалық түспейді. Алдағы уақытта үкімет табыс салығының прогрессивтік шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек», — деді мемлекет басшысы.
Хорлан Смадияр