2018 жылы айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының туғанына 175 жыл толады
Мұрат Мөңкеұлы – тек Атыраудың ғана емес, бүкіл алты Алаштың ардағы. Қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілінің шығармалары әр жылдарда Мәскеуден, Ленинградтан шыққан поэзиялық антологияларда жарияланды. Өз еліміздегі «Бес ғасыр жырлайды», «Үш ғасыр жырлайды», «Поэзия пяти веков» атты жинақтарға оның өлең-толғаулары енгізілді. Айтыс жинақтарынан да тыс қалған жоқ. Ал, ақын шығармашылығы туралы зерттеулер өткен ғасырдың елуінші жылдарында Америка Құрама Штаттарында жарық көрген кітапта көрініс тапты. Ал, ардақты есімі ардақталған соң оның мұрасына қатысты бірқатар мақала шетелдерде жарық көрді.
Биыл Германияның Саарбрюккен қаласындағы «LAP LAMBERT Academic Publishing» баспасынан ағылшын тілінде басылып шығып, «Amazon.com» халықаралық интернет дүкені арқылы оқырманға ұсынылған «Zar Zaman (Time of Lament) Flow in the Kazakh and Kyrgyz Literature: Monograph (Genesis, Typology, Poetics)» («Қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі зар заман ағымы» (генезис, типология, поэтика)» атты монографиямызда да Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығына кеңінен орын берілді.
Осындай деңгейдегі ақиық ақынымыздың рухына атыраулықтар өмір бойы құрмет көрсетіп келеді. Ақын мұрасын зерттеуге, кейбір мәліметтер мен деректерді түгендеуге Берік Қорқытов, Сабыр Қазыбаев, Қойшығұл Жылқышиев, Қадыр Жүсіп, Аманқос Қаржаубаев, Қырықбай Бекбаев, Қабижан Сағиев, Ерсайын Көшеков, Сансызбай Базарбаев, Ғатиық Маштақов, Жанаш Нұрмахан, Төлеген Жаңабаев, Исатай Балмағамбетов, Өтепберген Әлімгерей, Үмбетияр Есжанов, Дияр Жолаев, Кенжеғали Қаюпов, Тауман Қосшиев, Құспан Есбосынов, Макар Қаражанов, Төлеп Тілегенов, Қадырғали Таңқиев, Өтеп Нұриев, Бақытжан Мұсағалиев сынды жергілікті қаламгерлер мен ғалымдар, өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері барынша үлес қосты (Аттары аталмай қалғандар болса, ғафу өтінемін). Танымал суретшілер Мұхит Қалимов пен Әділқайыр Жантасов ақынның портретін кейіптеді. Бұл азаматтардың бәрі дерлік Мұрат мұрасын зерттеген біздің жұмысымызға қолдан келгенше көмек көрсеткенін айтуды парыз санаймыз.
Мұрат дүниеге келген Қарабау (Қызылқоға ауданы) мен мәңгі тыныстап жатқан Жарсуат (Индер ауданы) – қазақ жырының құдіретін сезінетін әрбір өреннің бір көріп қайтсам деп армандайтын ауылдары. Қасиет қонған Қарабау – Атыраудың жыр-бесігі, Жайықтың Жидебайы. Кеңестік кезеңнің қыспағына қарамастан Мұраттың қабірін тауып, басына арнайы белгі орнатқан ағайынды Бердеш Есбосынов пен Жөкес Кенжеғалиевтің ерлігі ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Атырау халқы 1993 жылы Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуын зор салтанатпен атап өтті. Сол жолы Мұраттың кесенесі орнатылды. Авторы маңғыстаулық белгілі сәулетші – Көпбол Демесінов. Жыл бойы облыс көлемінде Мұрат оқулары өтті. Сол жыл Атыраудағы Мұрат жылы іспетті болды. Сол жылы Жайықтың екі жағы ақын жырларымен тыныстап тұрды…
Енді алдымызда Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығы келе жатыр. Бұл – мемлекеттік деңгейде мән берілетін берекелі белес. Махамбет пен Мұрат секілді аса танымал ақындары бар Атырау бұған, әрине, зор маңыз беретіні анық. Махамбеттің жырын халыққа жеткізген Мұратты ел болып еске алайық, ағайын! Қазір Астана мен Атырауда, Орал қаласында ақын атындағы көше бар. Атыраудағы екі мектеп Мұрат Мөңкеұлының атымен аталады. Мектеп демекші, осыдан бес-алты жыл бұрын Мұқағали туып өскен Қарасаз ауылында болғаным бар. Қарасаз орта мектебінің кез-келген ұланы Мұқағалидың жырларын жатқа оқиды екен. Көзің түскеніне белгі берсең болды, сайрай жөнеледі. Шетінен өлеңге келгенде ағып тұр. Жырдың Жерұйығында тербелген Мұрат мектебінің өрендері де ақын өлеңдерін оқы дегенде іркіліп қала қоймас.
Сонымен, алдағы жыл – әйгілі «Үш қиян» толғауында «Садағын сала байланған, Астана жұртын айналған» деп жырлаған Мұратты ұлықтайтын жыл. Олай болса, мұратану мен мұраттанудың мамандарын іргелі істер күтіп тұр.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор