20 мың террорист туралы мәлімет қайдан шыққан?
«Хабар» телеарнасына сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20 мың террорист туралы мәлімет қайдан шыққанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біріншіден, Алматыдағы бандиттік акция бір сағат мерзімде ғана өтпеді ғой. Полиция департаменті ғимаратын қорғау екі түнге жалғасты. Осы уақыт бойы полицейлер бандиттерге тойтарыс берді», — деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бандиттер өздерінің саны жағынан басым болғандықтан, полицейлер мен әскери қызметшілерге қоқан-лоқы көрсеткенін айтты. Бұл өз кезегінде олардың саны өте көп болғанын көрсетіп отыр. Алматыға олар үш бағыттан жүрді. Полицейлер қойған бекеттерді бандиттер ысырып тастады.
«Сондықтан бандиттер саны аз болғанын айтып, бұл жағдайды мысқылға айналдыру жөнсіз деп ойлаймын. Шын мәнінде олар толқын-толқынмен жүрді, оларға бұйрық беріліп отырғаны түсінікті жағдай», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.