20 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ

Аймақтағы «Аксиома Сервис Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 миллион теңге тұрақсыздық айыбын төлейтін болды.

 

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтың хабарлауынша, сот алқасында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының серіктестіктен бюджетке 90 миллион теңге, мемлекеттік баж салығына 2,7 миллион теңге және облыстық құрылыс басқармасына 199 миллион теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жөніндегі шешіміне қатысты апелляциялық шағымы қаралды.

Белгілі болғандай, 2013 жылы мемлекеттік сатып алу келісім-шарты бойынша облыстық құрылыс басқармасы мен «Аксиома Сервис Контракт» ЖШС арасында Махамбет ауданының Жалғансай селосында құны 711 миллион теңге құрайтын орта мектепті бір жылдан кейін пайдалануға беру туралы келісім жасалғанымен, тапсырыс беруші мердігер әлі күнге дейін көрсетілген құрылыс жұмыстарын бітіріп, тапсырмаған.

Бұл үшін серіктестікке 90 миллион теңге тұрақсыздық айыбын төлеу туралы сот шешімі шықты.

Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың салған тұрақсыздық айыбының мөлшерімен келіспей, оның тым жоғары екенін көрсетті. Еліміздің Азаматтық кодексінің 297 бабын басшылыққа алып, алқа сот шешімін өзгертті. Тұрақсыздық айыбының көлемін 20 миллион теңге деп белгіледі.

Өз  тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз