17 тамыздан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің қандай түрлері жұмысын қайта бастайтындығы айтылды
Atr.kz/14 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева 17 тамыздан бастап өңірде сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен ашық базарлар сондай-ақ, сұлулық салондары, шаштараздар мен СПА орталықтар жұмыс істейтіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Мониторингтік топ бизнес нысандарында санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалайтын болады. Бұл туралы ӨКҚ-нің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева айтты.
- Ғимаратқа келушілер медициналық маска тағып, қолғап киіп кіруі тиіс. Сондай-ақ, кірер алдында олардың дене қызулары тексеріліп, әлеуметтік қашықтық кемінде 4 шаршы метр болуы керек. Мекемеде әр 2-3 сағат сайын бөлме желдетіліп, дезинфекция жүргізілсін, келушілер арасында коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы түсіндірме жұмыстарының жүргізілуі міндетті, — деді Жанар Досымбаева.
Осылайша, 17 тамыздан бастап келушілер саны 30 пайыздан асырылмай, сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің (бутиктер), бөлшек сауда желілерінің, жабық базарлардың жұмысына рұқсат етіледі. Дүйсенбіден бастап сұлулық салондары, шаштараздар, курорттық орталықтар, косметикалық қызметтерді ұсынушылар өз жұмысын жалғастырады. Монша, сауналар мен фитнес-орталықтарға бассейндерсіз жұмыс істеуге рұқсат етіледі, дегенмен, оларға келушілер 50% -дан аспауы тиіс.
Сонымен қатар, балалар мен ересектерге арналған оқу орталықтары (5 адамнан аспайтын), мектепке дейінгі мекемелердің (15 адамнан артық емес) кезекші топтары жұмысқа кіріседі.
Одан бөлек, қашықтықты қатаң сақтау, бетперде кию және келушілер ағынын реттеп отыру талабымен ашық алаңдағы аттракциондар да жұмысын бастайды.