
150-ден астам туристі қамтыған «Atyrau Nomads» саяхат клубы лотос алқабына отбасылық сапармен келді
Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында өтіп жатқан халықаралық «Lotus Fest – 2025» фестивалі аясында Атырау қаласынан келген «Atyrau Nomads» саяхат клубы табиғат аясында отбасылық демалыс ұйымдастырды. Клуб мүшелері сапарға 150-ден астам адамды, оның ішінде балалар мен ересектерді қамтып, 30 көлікпен келді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Саяхатшылар фестиваль аумағына 26 шілде күні қонып, ертең, 27 шілде таңғы сағат 7:00-де Қиғаш өзеніндегі лотос алқабына аттанады. Бұл бағыт бойынша 15 арнайы қайық бөлініп, су бетіндегі гүлді тамашалауға жағдай жасалған.
«Atyrau nomads» саяхат клубының құрылтайшысы Ерлан Төрәлиевтің айтуынша, қатысушылардың басым бөлігі лотос гүліне алғаш рет барады. Алайда, «Atyrau Nomads» үшін бұл – алғашқы сапар емес. 2022 жылы клуб өкілдері дәл осы өңірде табиғатқа бағытталған танымдық тур өткізген.
– Лотос – баламен бірге көруге тұрарлық табиғаттың сирек көрінісі. Осы жолы біз отбасымызбен келіп, балаларымызға туған өлкенің бай табиғатын көрсетуді мақсат еттік. Мұндай сапарлар табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырады, – деді ол.
«Atyrau Nomads» – белсенді саяхатшылардан құралған туристік клуб. Бұған дейін клуб мүшелері Қазақстанның түрлі өңірлеріне сапар шегіп, оның ішінде Маңғыстау облысындағы Бозжыра жазығында да болған. Клуб келесі отбасылық сапарын тамыз айында Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда өңіріне жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Lotus Fest – 2025» фестивалі аясында ұйымдастырылған бұл сапар ішкі туризм мен табиғи мұраларды насихаттауға бағытталған.