14 жастағы жасөспірім жүкті болғандықтан тұрмысқа шыққан…
Аtr.kz/24 мамыр, 2019 жыл. Ұлағатты отбасы – ұлттың құндылығы. Сондықтан, отбасы институтын нығайту бүгінгі күннің басты мәселесі болып қала бермек. Десек те, ажырасу, ерте жүктілік секілді қоғамның қасіреті біздің аймақта та азаймай отыр.
Мәселен, Мақат ауданында биылғы мамыр айына дейін 53 неке тіркелсе, 15 неке бұзылған. Ал, Жылыой ауданында 14 жастағы қыз бала жүктілігіне байланысты тұрмысқа шыққан. Бұл туралы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
Отбасылардың ажырасып кетуінің басты себебін Мақат ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев былайша түсіндірді.
«Зерделеу барысында неке бұзатын себептер ерлі-зайыптылардың мінездерінің келіспеушілігі, ішімдікке салыну, жұмыссыздық екені белгілі болды. Қазіргі жастардың отбасын құруға жауапкершілігінің төмендігі байқалады. Жүктілікке байланысты отбасын құруға шешім қабылдап, кейін «мінезіміз үйлеспейді» деген сылтаулармен ажырасуға әзір тұрады» деді ол.
Ал, некеге ерте тұруға жасөспірімдердің арнаулы орта оқу орындарына оқуға түсіп, ата-ана тәрбиесінен алшақтап, ересектердің ортасына ерте араласуы әсер етеді. Жылыой ауданындағы жағдай отбасын құруға себеп болды.
Аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметованың айтуынша, бұған екі жақтың ата-анасы келісімін беріпті.
«Ерте жүктіліктің 16 фактісі тіркелді. Оның бірі – 14 жастағы қыз бала. Ол отбасын құрып, 15 жасында өмірге бала әкелді. Жалпы, ауданда аналарға психологиялық және консультативтік кеңестер тұрақты ұйымдастырылуда. Жас отбасыларға кеңес беретін кабинет ашылды» деді ол.
Комиссия төрайымы облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева отбасы мемлекеттің іргетасы екендігін, оның құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар нәтижелі болу керектігін баса айтты. Жиында Жылыой, Қызылқоға, Мақат аудандарында отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы аясындағы атқарылған жұмыстар тыңдалып, жастарды жұмыспен қамту және жас отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар пысықталды.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА