Қалауын тапса, қар жанар…
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ ҒҰМАР ДҮЙСЕМБАЕВ, САҒЫНДЫҚ ЛҰҚПАНОВ ЖӘНЕ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ ӨТКЕН АПТАДА МАҚАТ, МАХАМБЕТ ЖӘНЕ ИНДЕР АУДАНДАРЫНА АРНАЙЫ БАРЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ. ӘР АУДАНДАҒЫ ҚОРДАЛАНҒАН ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН ТАНЫСЫП, ОЛАРДЫ ШЕШУ БАҒЫТЫНДА МАМАНДАРДЫҢ ПІКІР-ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ. ОСЫҒАН ДЕЙІНГІ КЕЗДЕСУЛЕРДЕ АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІЛІП, НӘТИЖЕГЕ ЖЕТКЕН МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ СЕНАТОРЛАРҒА АЛҒЫСЫН АЙТЫП, РИЗАШЫЛЫҚТАРЫН БІЛДІРДІ.
Көне үйі көп мекен
Депутаттар аудандарға сапарын қазақ мұнайының қарашаңырағы – Доссор кентінен бастады. Қ.Құдабаев көшесіндегі 1960 жылы бой көтерген екі қабатты №21,22 үйлердің тұрғындары осыған дейін аудан əкімдігіне шағым түсіріп, апатты жағдайда тұрған үйінің орнына жаңа баспана беруін сұрайды. Қамажай Көшкінбаева осы үйде 1982 жылы бала кезінен бері тұрады. Үйінде қариясы бар, өзі – ІІІ топ мүгедегі. Ал, Жаңыл Аяпбергенова – 5 баланың анасы. Бір баласы бала жастан мүгедек, отағасының жалақысы бірінші отбасына алимент төлеп, күнделікті тағамынан артылмайды екен. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев қолданыстағы заңдылықтарды түсіндіріп, жергілікті атқарушы органдардың тек заң аясында ғана қызмет атқаратынын, халықтың арыз-шағымы бойынша олардың талап-тілегін тиісті министрлікке ұсынатынын жеткізді. Халық қалаулылары үйге еніп, жағдайымен танысып шықты. Иə, үй ескі. Бірақ əлдеқашан жекеменшікке өткен. Алайда тұрғындардың əлеуметтік жағдайын ескере отырып, аудан əкімдігі тарапынан жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.
– Кенттегі ең көне үйлер 1911 жылы Доссорда өндіріс ашылғанда кəсіпшіліктің жұмыскерлеріне арнап салынған. Саман тастан салынған, іргетасы əбден отырған 51 жекеменшік үй, 530 түтіні бар көппəтерлі 102 үй бар, – деді кент əкімі Болат Ермеков.
Бұдан кейін жұмысшы тобы жуырда төбесі опырылып ортасына түскен үйге барып, қожайындардың өтінішін тыңдап қайтты. Ғасырдан астам тарихы бар үйдің иесі жекеменшік жер теліміне тұрғызғалы жатқан үйіне көмектесуді сұрады. Шыны керек, мұндай үйлер облыстың көптеген елді мекенінде бар. Бəрі де жекенің меншігі. Елу жылда ел жаңарғанымен, үйі жаңармаған жергілікті тұрғындар əлі күнге дейін кеңес дəуіріндегідей Үкіметтен үй күтіп отыр. Ал, біздің елде жекеменшік үйді жаңартып, жөндеуге заң бойынша мемлекеттен көмек қарастырылмаған.
Мақатқа маман керек
Мақат кентіне барған сенаторлар аудандық орталық аурухананың ұжымымен кездесіп, Жолдауда жүктелген міндеттермен таныстырды.
– Бүгінде Атырау облысы бойынша 240 дəрігер қажет. Мақатта да жетіспейтін мамандар бар. Бір кездері жалақы төмен болған соң, жастар бұл саладан бойын аулақ салды. Қазір бұл мəселелер шешілді. Енді мамандарды қайта оқыту, осы салаға жергілікті жастарды тартуды қолға алу керек. Үнемі сырттан маман алдыртудың қажеті жоқ. Олар екі-үш жыл жұмыс жасаған соң туған жеріне кетуге асығады. Сол үшін де мектептерге барып, болашақта дəрігер болғысы келетін жастармен жұмыс жасаңыздар. Себебі, олардың ата-ана, бауырлары осы жақта тұрғандықтан, тұрақтап жұмыс жасау мүмкіндігі жоғары. Пандемия жайлаған кезде алғы шепте жүріп, күн-түнмен санаспай, халықты үлкен індеттен аман алып қалған денсаулық сақтау саласының мамандарына алғысымыз шексіз. Біздің басты жұмысымыз – сапалы заң шығару, – деді Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев.
Мақаттық дəрігерлердің айтуынша, ауданда көз, құлақ-мұрын жəне жұқпалы аурулар дəрігерлері тапшы.
– Жергілікті дəрігерлерге жағдай жасалмайды. Сондықтан, резидентура бітірген мамандар ауданнан гөрі, қалада жұмыс жасағанды жөн көреді. Менің ұсынысым – жергілікті мамандарға арнайы квота бөліп, келісім-шартпен резидентураға 2 жыл оқуға жіберу керек. Сонда олар бастапқы келісімге сəйкес осы ауданда еңбек етуіне мүмкіндігі бар, – деді орталық аурухананың акушер-гинекологы Гүлдана Ізтілеуова.
Сондай-ақ ауданда соңғы кездері сирек кездесетін орфандық аурумен сырқаттанушылар да көбейіпті. Онымен науқастанған жанның бір айлық дəрісі – 300 мың теңге жəне ол тегін берілетін дəрілер тізбесіне енбеген. Мүмкіндігі шектеулі адам үшін бұл үлкен қаражат. Мұндай сырқаттар санының артуы тек Мақатта емес, барлық өңірлерде де белең алып келе жатыр. Сенаторлар бұл мəселе бойынша республика Денсаулық сақтау министрімен кездесіп, ұсыныстарын жеткізуге уəде берді.
Кемшілік те, жетістік те бар
Сенаторлар Мақат кентіндегі тəулігіне 3000 текше метрлік кəріз суын тазарту имаратының жұмысымен танысып, мəселелерін тыңдады. Имарат басшысы Нұрлан Мырзахметовтың айтуынша, екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген нысанда құрылыс жүріп жатқан кезде бірнеше ақауларға жол берілген. Мердігер – «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясына» хат та жолдапты. Бүгінде имараттың талапқа сай толыққанды жасақталмауы жұмыс процесіне кері əсерін тигізіп отыр. Бұған дейін Мақат ауданындағы кезекті іссапары барысында Ғұмар Исламұлы «Ембімұнайгаз» кəсіпорнының басшыларымен кездесіп, Мақат мұнай-газ колледжінде дуальды оқыту жүйесі жолға қойылған еді. Нəтижесінде биылғы үшінші курстың 5 студенті «Ембімұнайгаз» компаниясына жұмысқа орналасыпты. Колледждегі 356 бала заман талабына сай білім алып жатыр. Жұмысқа орналасу көрсеткіші – 86%. Енді колледж аумағында бой көтеретін волейбол, баскетбол алаңдарымен қоса 1000 орындық ашық стадионы бар дене шынықтыру жəне сауықтыру кешенінің жобасымен таныстырған оқу орнының басшылығы оның жүзеге асуына ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ депутаттар Мақат кентінде құрылысы жоспарланған жүзу бассейні мен 160 орындық балабақша жобасымен танысты.
Шаруагердің мәселесі шаш-етектен
Сенат депутаттарының Махамбет ауданына сапары Сарайшық ауылынан басталды. Былтыр іргетасы қаланып, биыл пайдаланылуға тапсырылатын «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мəдени музей-қорығына қарасты Сапар орталығының құрылысымен танысты. Музей-қорық директоры Əбілсейіт Мұқтар қорды сапаржайға көшіру жəне оны жарықтандыру мəселелерін ортаға салды. Махамбет селосындағы Мəдениет үйінде ауданның шаруагерлерімен кездескен сенаторлар олармен ашық əңгімелесті. Көктемгі егін жұмыстарына жұмыс күшінің жетіспеуі, тыңайтқыш құнының қымбаттауы – бұған дейін де сенаторлардың басты назарында. Биыл Өзбекстаннан ауыл шаруашылығының маусымдық жұмыстарына келетін 394 адамға квота берілген еді. Бірақ депутаттар Орта Азия елдерінен келетін жұмыс күшіне иек арта бермей, жергілікті жұмыссыздар мен жастарды жұмысқа тарту қажеттігін баса айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салқыны бізге де тиіп жатыр. Осы кезге дейін сырттан кіретін азық-түліктің көпшілігі Ресейден келетін. Енді көрші ел тарапынан шектеу болуы мүмкін. Қазірдің өзінде олар қант пен бидайды экспортқа шығаруға тыйым салды. Сондықтан, біздің қазіргі басты міндетіміз – халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету, – деді Ғұмар Исламұлы.
«Темірлан Агро-7661» ЖШС директоры Айнұр Рахматулина топ ішінен сөз бастап, мəселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.
– Қазір тепсе темір үзетін ер-азаматтар 5-6 баласының жəрдемақысына қарап, үйде отыра береді. Жасыратыны жоқ, былтыр өз жұмысшыларыма айына 250 мың теңге жалақы бердім. Жасы үлкен апалар келіп жасады. Ол кісілер ауырса да жұмыстан қалмай тер төгеді. Ал, жігіттер егін басында арақ не сырасын ішіп уақыт өткізеді. Өзіміз де студент шағымызда Алматыда тəжірибеден өттік, алма жинадық. Балаларды егін жұмыстарына қосуға болады. Оларды еңбекке баулуға қарсы емеспін. Бірақ олардың қасында жауапты бір мұғалім болуы керек. Өйткені, егін алқабы Жайықтың жағасында. Қазір заманға сай балалардың психологиясы да əртүрлі. Əрине, мен де өзге халықтың орнына өз ауылдасымның жалақы алып, тер төккенін қалаймын. Кезінде əкеміз де бізді бір жалақымен өсіріп жеткізді ғой. Өкінішке қарай қазір халықтың жұмыс жасауға талпынысы төмен. Күннің ыстығына төзбейді. Таң торғайы шырылдағанда тұрып, түскі сағат 12-ге дейін, кешкі 5-тен қараңғы түскенше жұмыс жасағысы келмейді. Биылғы шетелдік жұмыс күшіне бөлінген квота өте аз. Оның үстіне Өзбекстан елінің азаматтары Ресейге кетіп қалған. Сондықтан, бізге де оңай емес, не жергілікті жерде жұмысшы жоқ, не сырттан жұмыс күші жоқ, – деді ол.
Квота алу процесі қаңтарда басталып, ұзынсонар құжат айналымымен жүргенде, егін жұмыстары ай жарым уақытқа кешігіп басталған. Тіпті, шаруалардың көпшілігі жұмыс күші жетпеген соң алқапты екі есеге қысқартуға мəжбүр. Мұның зардабы күзде егін жиналған кезде білінеді. Жергілікті өнім көзі аз болғандықтан, базардың сөресі сырттан келетін қымбат өнімге толады. Облыстық мəслихат хатшысы Əлібек Нəутиев квота алу процесін күзде қолға алуды ұсынды. Қаңтарға дейін квота бөлінсе, егін салатын уақытқа дейін жұмыс күші келіп, дайын тұрар еді.
– «Көктемнің бір күні – бір жылға азық» деген бар. Бұл – əдемілік үшін айтылған сөз емес. Биыл квотаның жай берілгенінен өте кеш қалдық. Маман жетпеген соң көптеген жоспарларды кейінге шегеруге тура келді. Амал жоқ, 11 адамды 220 мың теңгеден ұшақ билетін төлеп алғыздым. Сіздердікі де дұрыс, жергілікті халықты жұмыспен қамту керек. Бірақ бір мəселе алаңдатады. Қазір Ресейден өзімнің оқып, көріп келгенімді үйреткен, жұмыс өтілі 20-21 жыл болған агроном, механизатор, жылыжай салушы қарақалпақ мамандарым бар. Оларды бір күнде ауыстыру ауызға ғана оңай. Мысалы, елге апта сайын құрылыс пен саудагерлік мақсатына шамамен 1000 өзбек келіп жатыр. Неге ауыл шаруашылығына келгенде мұндай шектеу қойылады? – деді «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қоныс Ерманов.
– Сырттан келген жұмысшылар біздің елдегі қаражатты өз еліне əкетеді. Яғни, ол табыс біздің қазынаға түспейді. Дəл қазір бəрін тыйып тастау мүмкін болмас. Бірақ біртіндеп соған келуіміз керек. Ешкім бізге сырттан келіп, экономикамызды қалыптастырмайды. Бəріміз бірлесіп жұмыс жасап, шешуіміз керек, – деді сенатор Сағындық Лұқпанов. Аудандағы маусымдық жұмыстарға 823 адам қажет. Бірақ квота тек 394 адамға берілген. Əлі 400-ден астам адам жетпейді. Ал, Махамбет ауданының өзінде 700-ге жуық жұмыссыз халық бар. Бірақ бəріне табысы көп ауысымдық жұмыс керек.
– «Үйде жатқан екі балама жұмыс керек» деп, сол азаматтардың аналары менің қабылдауыма келеді. Сарайшық пен «Дастандағы» жұмыстарды ұсынсақ, «жұмысы ауыр, басына күн тиеді» деп келіспейді, – деді аудан əкімі Ринат Жанғылышев.
Иə, жалқаулық та қазаққа жабысқан дерт. Ауыл шаруашылығының қай саласы болмасын маман тапшылығынан қиналып отыр. Сөйте тұра «өз өніміміз неге қымбат?» деп тəлімситініміз тағы бар. Сенатор айтқандай, өз экономикамыздың қозғаушы күші – өзіміз ғана. Өзгеден келген жұмысшы өз елінің игілігі үшін жұмыс жасайды. Сөз алған шаруагерлер монополистердің, əсіресе «Атырау-Жарық» компаниясы белгілеген тарифтің жоғарылығы, игерусіз тұрған бос жерлерді мемлекет игілігіне қайтару, өнімді халыққа арзан бағада делдалсыз сатуға көмек сұрады. Сенатор Сағындық Лұқпанов осындай мəселелерге байланысты кəсіпкерлерге түсінік жұмыстарын жүргізбейтін «Атамекен» кəсіпкерлік палатасының жұмысын сынға алды. Кəсіпкерлер де былтыр Атыраудағы бас кеңсеге барғанымен, əлі күнге жауап алмағанын айтып ашынды. Шаруагерлердің мəселесі – шаш-етектен. Ашық əңгіме алаңында еркін сұхбаттасқан екі тарап та алдағы уақытта бірлесіп шешім қабылдауға уағдаласты.
Индерде бар көп түйін
Түстен кейін сенаторлар Индербор кентіндегі апатты үй тұрғындарымен кездесті. 1957 жылы салынған екі қабатты көппəтерлі үй 2019-2021 жылдары «апатты» деп танылған. Алайда, қазіргі заңнама бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаржыландырылған үйлер тек үш санатқа беріледі. Ал, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған адамдарға пəтер беру немесе бөлу заңда қарастырылмаған. Енді халық аталған бағдарламаға өзгеріс енгізуді жəне тез арада құлағалы тұрған үйден көшіруді талап етіп отыр. Жұмысшы тобы кеңесе отырып, заңдылыққа сай мəселені шешуді қолға алды.
Сонымен қатар, республика Үкіметінің 2020 жылдың 29 желтоқсанындағы №908 қаулысымен «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сəйкес жекешелендіруге енгізілген шаруашылық жүргізу құқығындағы «ИндерСу» коммуналдық мемлекеттік кəсіпорнының жұмысымен танысты. Қызметкерлер жаңа жабдықтар жəне арнайы техникалармен толық қамтылып, жұмыс жасап тұрған құрылымды жекешелендіруге наразы. Себебі, бұған дейін сенімгерлік басқаруға берілген құрылымдарда кінəрат көп. Əр тетігін өзі іске қосып, əр техникасын көзінің қарашығындай ұстаған кəсіпорын басшысы Шалқар Алмурзиев «ИндерСудың» тағдырына алаңдайды. Сенаторлар бұл мəселе бойынша да арнайы ведомстволармен жұмыс жасап, шешімін аудан басшылығына хабарлайтынын айтты.
P.S:
Екі күндік жұмыс сапарынан бірнеше ой түйдік. Кейде халықтың заңнамадан тыс талап қойып, табан ақы, маңдай терден гөрі оңай олжаға көбірек иек артатынын, кейбір құрылымдардың тиісті заңдылыққа сай жұмыс жасамайтынын, жасағанда да бұқарамен байланыстың жоқтығын аңғардық. Ал, наразылық неден туады? Түсініспеушіліктен, қаржылық және құқықтық сауаттылық пен жауапкершіліктің жоқтығынан! Көптеген тұрғындар көп балалы екенін алға тартады. Ал, әке-шешесінің жылдар бойы өкіметтен үй күтіп отырғанын көрген бала да соны қайталамасына кім кепіл?! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Елдіктің алғышарты отбасыдан басталады. Біз тек жауапкершілікті өз мойнымызға алғанда ғана дамыған ел қатарына ене аламыз.
…Махамбеттік кәсіпкерлер өнімдерін супермаркеттер желісіне делдалсыз өткізіп, халықтың тиімді бағада алғанын қалайды. Осы мәселе депутаттармен кездесуді күтпей-ақ, екі басқарма арасында шешілетін әрекет емес пе еді?..
Әрине, екі күндік сапарда Үкіметтік деңгейде шешілетін көптеген мәселелер де қозғалды. Олар да оң шешімін табады деген үміттеміз.
Салтанат АҚТƏЖИЕВА
Атырау-Мақат-Махамбет-Индер-Атырау.