ПОЛИЦИЯДАН ҚАШҚАН ЖҮРГІЗУШІ ЖАЙЫҚҚА СЕКІРІП КЕТТІ (+видео)
Атырауда полицейлерден қашқан мас жүргізуші көлігінен түсіп, суға секірген.
Бұл туралы облыстық ПД мәлім етті. Атырауда 17 наурыз сағат 17:30 шамасында LADA Priora көлігінің жүргізушісі мас күйде көлік айдаған. Онысымен қоймай, көліктен түсіп полицейлерден жаяу қашпақшы болған. Патрульдік полиция қызметкерлерінің айтуынша, Владимирский және Гумаров көше қиылысында аталған көлік күдік тудырғандықтан оны тоқтатқан. Алайда көлік жүргізушісі Авангард мөлтек ауданындағы үйлердің тұсына дейін тоқтамай, көлігінен түсіп, көпірге дейін жаяу жүгіре бастаған.
Көлік жүргізушісі Жайық өзеніне дейін жүгіріп, сұға секірген. Патрульдік полиция қызмет инспекторлары Жексенбек Нұрымов пен оның әріптесі Данабек Сақауов құқық бұзушыны ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Анықталғандай, 33 жастағы ер адам көлік жүргізу құқығынан айырылса да, мас күйде көлік жүргізген. – Осы жолы көп ішіп қойдым, – деп ақталды мас жүргізуші Айта кету керек, оған қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру), ӘҚБтК-нің 595-бабының 1-бөлігі (Маневр жасау қағидаларын бұзу), ӘҚБтК-нің 601-бабының 1-бөлігі (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегiтаңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), ӘҚБтК-нің 613-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару), ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы), ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ