Жарнама
БілімЖаңалықтарҚоғам

«100 жаңа оқулық» жобасына қатысты атыраулық профессор-оқытушылар өз ұсыныс-пікірлерін жолдады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын ұсынған болатын. Әлемнің үздік еңбектерін қазақ тіліне аудару мәселесін Атырау мұнай және газ университетінің оқытушылары мен студенттері де қызу қолдайтындықтарын жеткізді.

BestInvestingBooks-670x328

Осылайша, олар отыздан астам кітаптың тізімін жасап, тиісті орынға жолдап та үлгерген. Олардың қатарында мұнай мен газ өнеркәсібі, коммуникация, кеме жүргізу ісі, құқық және экономикаға қатысты жаһандағы озық мұралар да бар. Аталған жоғары оқу орнының ректоры Әли Әбішев білім беру үрдісі мен тәрбие жұмыстарында, ғылыми ізденістерге осы оқулықтарды пайдалануға дайын екендіктерін айтады. Ал, әлемдегі үздік шығармаларды қазақ тіліне тәржімалауды қолға алған Елордадағы Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бүгінге дейін барлығы 800-ге жуық ұсыныс келіп түскен.

– Жүз оқулықтың әрқайсысы кемінде үш рет басылған болуы керек, — дейді ол. — Сонымен қатар, соңғы басылымы 2014 жылдан кеш болмасын деген талап қойылды. Ақыры, әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының педогогикалық тәжірибесінде болуы қажет. Осы орайда, біздің аударатын оқулықтарымыз он реттен көп басылып, өзінің өміршеңдігін әлдеқайда дәлелдеп қойған.

Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция мен Ресейдің үздік баспаларымен 17 кітапты аудару құқықтары рәсімделіп бітті. Олар 2018-2019 оқу жылынан бастап еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілмек. Бұл бағытта 17 жұмыс тобы құрылып, тоқсаннан астам маман мен тәуелсіз ғылыми және әдеби редакция жұмысқа тартылған.

Р.S. Айта кетейік, дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Ирландияның Дублин университетінің оқытушысы Кесижи Өзгежан: «Бұл жобаға қатысқымыз келеді. Себебі, біліміміз бен тәжірибемізді қазақ елінің игілігі үшін жарату – біз үшін зор мәртебе» деген пікірін білдірген-ді. Ендеше, бұдан мәңгілік мұраның мәні артпаса, кемімесі анық.

Мөлдір ҚҰМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button