Жаңалықтар

Атырауда «100 аула» жобасы материалдың қымбаттауына байланысты уақытша тоқтап тұр

Облыс орталығында аулаларды абаттандыруға бағытталған арнайы бағдарламадан атыраулықтардың үміті зор еді. Себебі, ескірген әткеншек пен сұрқы қашқан сырғанау құралдары, тақыршақ футбол алаңқайларынан әбден мезі болған тұрғындарға жайлы аулалар қол жетпес армандай көрінетін.

Ал өңірде жүзеге асқан «100 аула» жобасының нәтижесінде көпқабатты үйлердің алды жаңартылып, қайта жаңғыртылған болатын. Алайда, кейбір шағынаудан жұртшылығы үшін бұл бастама «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебін кимекші. Өйткені, бір жылда бітуі тиіс жұмыстардың соңы сиырқұйымшақтанып, сағызша созылып барады.

ojyn alany 2

Жасыратыны жоқ, аулаларды абаттандыру – мұнайлы өлкеде өткір тұрған мәселелердің бірі. Қала маңындағы ауылдық округтердегі жеке секторды айтпағанда, көпқабатты үйлердің алаңдары сын көтермейтін. Тіпті, әбден тозығы жетіп, бір ғана сыммен ілініп тұрған әткеншектен балалар құлап, жарақат алғанын талай естігенбіз. Осыған байланысты, шаһарда «100 аула» жобасы қолға алынып, тұрғындар игілігін көре бастаған еді. Десек те, соңғы уақытта жұмыс қарқынының бәсеңдеп қалғаны соншалық, тұрғындар оның келешегіне күмәнмен қарай бастады.

Жуырда редакциямызға ат басын тіреген Азаттық даңғылы 68 «В» үйінің тұрғыны Ізбасар Қабдрахман жеке бас проблемасы емес, баршаға ортақ ауланың күрмеулі мәселесін айтып келді. «Қаламызда аулаларды жаңғырту бағдарламасына сәйкес, былтыр қараша айында жұмыс басталып, сол жылдың желтоқсан айында тоқтап қалды. Ал биыл тамыз айының 15-інде балалар ойын алаңын салу үшін асфальт төсеп кеткен болатын. Бірақ, қазір содан басқа ештеңе жоқ. Енді сол асфальттың астынан қамыс өсе бастады. Яғни, ойын алаңы емес, ну орманға айналатын секілді. Үйлердің айналасының тазалығы, абаттандыру мәселелері аяқсыз қалды. Сапасыз төселген жол мемлекеттің қаржысын желге ұшырғанмен бірдей емес пе? — дейді ол.

Мәселенің мәнісін тереңірек білу мақсатында аталған мекен-жайға біз де барған едік. Газет оқырманы айтқандай, ауланың көрінісі көңіл құлазытады. Балалар ойын алаңының жол жабындысы төселіп, жол жиектастары орнатылғанымен, басқа жұмыстар аяқсыз қалған. Біз Атырау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласқанбыз. Аталған бөлімдегі абаттандыру және көгалдандыру секторының меңгерушісі Нұрбол Жанпейісовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуының өзіндік себеп-салдары бар. 

– Баршаңызға белгілі, өткен жылы қалада «100 аула» жобасы басталды. Сол кезде Азаттық даңғылы 68 «Б», «В» үйлерінің ауласы жобаға енгізіліп, фрезермен өңдеген болатынбыз. Десек те, биыл құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты жоба түзетуден өтті. Бағдарламаға түзету енгізілген кезде лот қайта өткізіліп, оң қорытынды алу үшін қайтадан мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Жақында бұл аумақтың жұмысына оң қорытынды алдық. «Алматы жоба» ЖШС жобасын жасақтады. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Риголит» ЖШС іске қайта кірісті. Қазір олар Баймұханов көшесіндегі 47, 47 «А» үйлердің ауласына асфальт төсеп жатыр. Ал Азаттық даңғылы 68 «Б», «В» үйлері ауласындағы жұмыстар оншақты күннен кейін басталады. Әзірге бұл аулада балалар алаңының негізі ғана бар. Асфальт төселгеннен кейін күн жылынған соң балалар ойын алаңын қондырамыз, — дейді Нұрбол Амангелдіұлы.

ojyn alany 4

Жалпы, «100 аула» жобасы аясында көшелерге заманауи жарық шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы төселуі тиіс. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктері қондырылады. Нарықтағы бағаның құбылмалы болуына байланысты түзетіліп жатқан жобалардың сәйкесінше құрылыс мерзімі де ұзарады. Ал биыл 150 ауланы абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Қазір қалада бұл жұмыстармен айналысып жатқан үш мердігер мекеме бар: «Атыраукөлік», «Риголит», «Шебер» ЖШС-лері.

Айталық, Азаттық даңғылы бойындағы көпқабатты үйлердің ауласы «Атыраукөліктің» еншісінде болса, Баймұханов көшесі – Мұнайшы шағынауданындағы аумақтардың құрылыс жұмыстарымен «Риголит» ЖШС айналысып жатыр. Сол жағалауда орналасқан үйлердің алдын да осы мекеме жасайды. Абаттандыру және көгалдандыру секторының меңгерушісі Нұрбол Жанпейісов асфальт төсеу жұмыстары ауа температурасы 5 градус 0-ден жоғары болғанда ғана жалғасатынын атап айтты.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button