
Эвакуацияланған балалардың жайы белгілі болды
Құлсарыда эвакуацияланған балалар қалай тұрып жатыр? Олардың бүгінгі жағдайы қалай? Бұл сауалдарға облыстық жедел штаб шұғыл жауап берді.

Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде алтыншы эвакуациялық пункт орналасқан, онда 70-тен астам адам бар. Ер адамдар тәулік бойы жағалау бекіту жұмыстарында еңбек етсе, ал, әйелдер жұмысшыларға тамақ дайындайды.
–Балалар да уақытын бос өткізбей спортпен шұғылданады, түрлі ойындар ойнайды. «Бізді жақсы тамақ тамақтандырады, тамағымыз тоқ» дейді мұндағы балалар, — делінген жедел штабтың хабарламасында.
Ал вахталық кенттердегі жағдай бойынша «Теңізшевройл» команиясының БАҚ-пен байланыс жөніндегі қызметінен білдік.

–Жедел штаб пен қауіпсіздік қызметкерлерінің мәліметі бойынша, вахталық кенттерге Құлсарыдан эвакуацияланатындардың жалпы саны 6577 адамды құрайды. Кеше түнгі уақытта сағат 23.00-ге дейін 700-ге жуық тұрғын келді. Қазір вахталық қалашықтарда бірнеше бала бар. ТШО қызметкерлері олардың көңілін көтеріп, ойын-сауық ұйымдастырып жатыр. Сондай-ақ олар күніне 4 мезгіл тамақтанады. Бұдан басқа ТШО қызметкерлері өз қаражаттары есебінен тұрғындардың жеке басына қажетті құралдары мен киімдерін сатып алып беруде — дейді компанияның БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Раушан Найза.

Айта кету керек, уақытша мекенде тұрып жатқандар су тезірек қайтып, үйлеріне оралуды аңсайды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА