Жарнама
Жаңалықтар

Этнос жастары қазақ тілінде сынға түсті

Атырау облыстық Н. Жантөрин атындағы филармонияда «Көңілді тапқырлар алаңы» атты этносаралық әзіл-сықақ сайысы өтті. Шараны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Бұл бастама Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасына орай Тілдер мерекесімен тұспа-тұс өткізіліп отыр. Жоба аясындағы негізгі мақсат – этнос жастарының мемлекеттік тілде сөйлеуін жандандыру, қазақ тілінде еркін әзіл айту қабілетін дамыту және ел ішіндегі татулық пен ынтымақты шығармашылық арқылы насихаттау.


Сахна төрінде барлығы 8 команда, 32 ойыншы өз өнерін көрсетті. Оның ішінде кәсіби әзілқойлардан құралған 4 команда мен Ассамблея жастарының жаңа 4 құрама тобы бақ сынады. «Еркінқала құрамасы», «Әжесінің балалары», «Q-Елі», «Орта» секілді тәжірибелі топтармен қатар, «Чил-Гайс», «Бастау», «Аралас», «Интер-Азия» командалары да ерекше белсенділік танытты. Ойыншылар қазақ тілінде әзіл-қалжың айту арқылы түрлі қоғамдық тақырыптарды шеберлікпен көтеріп, өзара тартысты жекпе-жек форматында сынға түсті.

whatsapp image 2025 09 05 at 16.16.22 2


Мазмұнды бәсекеде қатысушылар тапқырлықпен қатар, тіл тазалығы, аудиториямен байланыс орнату, сахна мәдениеті мен командалық үйлесімділіктері арқылы бағаланды.
Мәдени кешке Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, білім саласының қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының өкілдері, сценарист және ойын жүргізушілері қатысты. Қазылар алқасы құрамында тәжірибелі педагогтер, кәсіби КТА ойыншылары және ҚХА белсенділері болды.


— Бұл – облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған ерекше форматтағы ойын. Этнос жастары мен кәсіби әзілқойлар бір алаңда бас қосып, қазақ тілінде шынайы әрі мәнді әзіл айта алатынын дәлелдеді. Бастысы – мемлекеттік тілді үйреніп, еркін қолдануға деген ынта-жігер көрініс тапты. Көңілді тапқырлар алаңы – бұл жай ғана әзіл емес, бұл – бірлік, мәдениет, тіл және шығармашылықтың тоғысқан алаңы, – дейді Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бас сарапшысы Шынаргүл Темірбаева.


Мемлекеттік тапсырма негізінде жүзеге асқан бұл бастама этнос жастарының белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, қазақ тілінде ойлау мен сөйлеу шеберлігін жетілдіруге нақты ықпал етті.


Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button