Жарнама
Жаңалықтар

Экс министр Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі тағы ұзартылды

Кеше өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы соттан бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды сұраған болатын.

Прокурор Төлеген Жараспаев күдікті Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 шілдеге дейін ұзартты.

«Өтінішті Қаржы мониторингі агенттігі Тергеу департаментінің басшысы түсірген. Себебі, қосымша сараптама мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен алынған жауаптарды, мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысын талдауды 14 маусымға дейін аяқтау мүмкін емес деген уәж айтты. Осының бәрін ескеріп, үйқамақ мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды және қанағаттандыруды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Сондай-ақ, ол Біртановқа отбасы мүшелерінен басқа барлық адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салу керегін айтты.

Бұл талабын ол тергеу жұмыстарының мерзімі 1 тамызға дейін ұзартылуымен байланыстырды.

Прокурордың айтуынша, күдікті соттың тыйымы бар екенін біле тұрып, бірқатар заңға қайшы әрекеттерге барғанын айтты. Бірақ сот отырысына БАҚ өкілдері қатысқан соң себебін ашып айтпады. Оның сөзінше, бұл тергеу әрекеттерін жария етуге жатады.

Сот процесі барысында қорғаушылар Елжан Біртановтың сыртынан тергеу органының аңду жүргізуі заңды екенін растайтын құжат жоқ екенін айтып, үйқамақ мерзімін әрі қарай ұзартпауды сұраған болатын.

Бүгін сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 маусымнан 14 шілдеге дейін ұзартылатынын мәлім етті.

«Деректердің негізінде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 55, 56, 151, 152-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Елжан Амантайұлы Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 2021 жылғы 14 маусымнан бастап 14 шілдені қоса алғанда есептелетін 9 айға дейін ұзарту туралы қаулы етті. Күдіктінің қорғаушылары мен адвокаттарының өтініштері қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деді тергеу сотының судьясы Ақмарал Исаева.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінген еді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button