Жарнама
Жаңалықтар

Эко-сөмке сұранысқа ие

Қазіргі уақытта полиэтилен пакеттерін тұрақты қолданамыз. Бүгінде, бағасы жағынан тиімді бұндай дорбаларды шектен тыс қолдану дүниежүзін толғандырған мәселеге айналып отыр.

Полиэтилен пакеттерінің экологиялық зияны бұрыннан дәлелденген және көптеген елдер оларды өндіруге тыйым салған немесе шектеген. Тіпті  ірілі-ұсақты мұхит, өзен-көлдері, ондағы су асты тіршілік иелері осы дорбалардан зиян шегіп отыр. Жыл сайын пластикалық пакеттердің кесірінен 100 мың теңіз жануары өледі екен. Себебі өте көп… Біреуі пакетті қорек көріп, енді біреуі байқаусызда жұтып қояды. Елімізде осындай миллиардқа жуық пакет шығарылатын болса, әр адамға 50 дорбадан келеді. Енді 50 дорбадан келетін залалды есептей беріңіз….

Осы орайда әлем полиэтилен дорбалардан құтылудың тиімді жолын іздестіруде. Соның нәтижесінде эко-сөмке, дүкендердегі пакеттердің баламасы ретінде сұранысқа енуде. Мұндай сөмкенің ерекшелігі алдымен қоршаған ортаны ластамайтын материалдан, матадан жасалғандығында. Эко-сөмке немесе шоппердің шығу тарихы 1886 жылдан басталады. Леон Леонвуд Бин бұл сөмкелердің таралуына үлесін қосты. Ол 1940 жылы өзінің L.L. брендін құрды. Алғашында адамдар сөмкені тек ағаш тасуға пайдаланған. Кейін британдық экологиялық кәсіпорын 2007 жылы «Мен пластик пакет емеспін» (I’m not a plastic bag) атты акция ұйымдастырған болатын. Акция полиэтилен пакеттерін тұтынуды азайтуға бағытталған. Бұл акцияны көптеген Chanel, Gucci, Marc Jacobs секілді дизайнерлер мен әлемдік брендтер, т.б акцияны қолдап осындай сөмкелерді шығара бастады. Экологиялық таза өнімдерге көшу — табиғатты сақтау үшін кішкентай, бірақ өте маңызды қадам. Эко-сөмкелер — үлкен және кішкентай, әртүрлі мата түрлерінен , тіпті түймелермен беріледі. Олардың бір ортақ қасиеті –қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Бұйымды ұзақ уақыт пайдалануға болады, тіпті оны жуу да оңай. Сөмкелер жиналмалы, аз орын алады, олар тіпті қалтаға салып жүруге ыңғайлы.

Қазіргі таңда бұндай сөмкелер қаншалықты сұранысқа ие? Бұл жайында шоппер бизнесімен айналысып жүрген Атырау қаласының тұрғыны, әрі дизайн мамандығының студенті Айнель Рамазанқызынан сұраған едік.

– Жалпы эко-сөмке біздің гардеробымыздағы басты заттардың бірі. Ол тек қоршаған ортаға пайдасын тигізіп қана қоймай, өзімізге күнделікті ұстауға, азық-түлікке, ұсақ-түйектерді салып тасуға көмектеседі. Сән жағынан да үйлестіріп тағуға болады. Шынымен полиэтилен пакеттері біздің өмірімізді жеңілдетті. Пакеттің құрамында бактериялар, соның ішіндегі ең қауіпті ішек таяқшасы көптеген зиянды заттар бар. Өнімдерді пакетте ұзақ сақтайтын болса, олар тез бұзылып, улану қаупі туады. Ал, менің шоппер жасай бастағандағы ең басты мақсатым адамдарды эко өнімдерді пайдалануға шақырғым келді. Сонымен қатар өзімнің жеке кәсібімді ашуды қаладым. Шопперлерімді таза 100 % мақтадан тұратын маталармен тігемін. Қаламызда шопперлер жоғары сұранысқа ие, тек жастар ғана емес, үлкен жастағы адамдардың арасында да тапсырыстар өте көп, — деді А.Рамазанқызы.

Кейіпкеріміз айтып кеткендей эко-өнімге сұраныс көңіл қуантарлық. Ендеше табиғи таза эко-сөмкелерді күнделікті тұрмыста пайдалануды әдетке айналдырайық.

Айсәуле СМАҒҰЛОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

университетінің студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button