
ЭЦҚ алу бұрынғыдан да жеңілдеді
Биыл 11 тамыздан бастап Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу тәртібі өзгерді. Бұдан былай ЭЦҚ тек онлайн рәсімделеді. Салалық министрліктің мәліметінше, бұл жаңашылдық дербес деректердің қорғалуын күшейтуге және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұрын ЭЦҚ-ны халыққа қызмет көрсету орталықтарынан да алуға болатын болса, енді барлығы қашықтан жүзеге асады.
ЭЦҚ алу үшін egov.kz немесе pki.gov.kz порталына кіріп, өтінім беру керек. Содан соң жүйе адамның бет-әлпетін камера арқылы сәйкестендіреді. Егер сәйкестендіру сәтті өтсе, құжат бірден дайын болады. Ал жүйе тұлғаны тани алмаса, бес ретке дейін қайта көруге мүмкіндік береді. Тек осы мүмкіндіктер таусылған соң ғана ХҚКО-ға жүгінуге болады.
Жаңа жүйе атыраулықтар үшін де ыңғайлы болып отыр. Атырау қаласының тұрғыны Арман Әбілхайыр өзгерісті оң бағалайтынын айтады.
– Бұрын ЭЦҚ алу үшін ХҚКО-ға барып, кезекте тұратынбыз. Қазір барлығын үйден шықпай-ақ онлайн жасай беруге болады. Бұл көп уақытымызды үнемдейді. Оның үстіне биометрия арқылы қауіпсіздік күшейді, енді бөгде адамдардың ЭЦҚ рәсімдеуіне жол жоқ. Бұл халыққа өте тиімді шешім болды, — дейді ол.
Мамандардың айтуынша, электрондық цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға тең заңды құжат болып саналады. Сондықтан оның иесінен басқа ешкім пайдалана алмайды. Жаңа тәртіп осы талапты күшейтіп, азаматтардың жеке деректерін қорғауды жақсартпақ.
Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 2025 жылдың басынан бері республика бойынша 14,9 миллионнан астам ЭЦҚ берілген. Оның 92 пайыздан астамы онлайн рәсімделген, тек 8 пайызы ғана ХҚКО арқылы алынған. Бұл халықтың электрондық қызметтерге бейімделіп келе жатқанын айқын көрсетеді.
Алмас ҚАБДОЛ
Сурет: dauletten.kz