ТОЙ. ТУҒАН КҮН. БЕТПЕРДЕСІЗ САТУШЫ… Атырауда біраз былықтың беті ашылды (+ВИДЕО)
Үш күн ішінде карантин режимін бұзған жиырмаға жуық кәсіпкерлік нысан анықталды, деп хабарлайды Atr.kz тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласы Полиция басқармасының және қалалық әкімдік қызметкерлерінен құралған мониторингтік топ санитарлық нормалардың сақталуы қадағалау бойынша өз жұмыстарын белсенді жалғастыруда.
29 қаңтар күні сағат 22:45 шамасында Азаттық көшесінде орналасқан «Vivaldi” мейрамханасы, сағат 21:40 шамасында Б.Құлманов көшесінде орналасқан «Chechil Pub” бары, сағат 23:30 шамасында Қарымсақов көшесінде орналасқан «Urban” мейрамханасы сағат 20:00-ден кейін жұмыс жасап тұрғандығы анықталды. Аталған мейрамханалардың әрқайсысының ішінде шамамен 30-ға жуық адам болған.
Одан басқа, 29 қаңтар күні сағат 17:30 шамасында, Бейбітшілік көшесінде орналасқан «Эльдорадо” мейрамханасы, Авангард 2 мөлтек ауданында орналасқан «Керуен» тойханасы ішінде 20 жуық адамның қатысумен туған күн өткізіп, карантин талаптары бұзылған.
Сол күні сағат 13:30 шамасында Владимирский көшесінде орналасқан «Морокко» мейрамханасын тексеру кезінде, карантин режимін бұзып, мейрамхана ішіне 50-ден көп адамды кіргізсе, Х.Досмухамбетов көшесінде орналасқан «Алма» азық-түлік дүкенінің сатушысы бетпердесіз жұмыс істеп тұрғаны анықталды.
Ал, 30 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында М.Горький көшесінде орналасқан «Рыба моей мечты» караокесі, Студентческий көшесінде орналасқан «Тофу» мейрамханасы, сағат 23:30 шамасында Алиев көшесінің бойында орналасқан «Родем» мейрамханасы карантин режимін бұзып, жұмыс істеп тұрғандығы анықталды. Айта кететіні, бұл кәсіпкерлік нысандардың ішінде «Рыба моей мечты», «Тофу» мейрамханалары бұған дейін де карантин режимін бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған еді.
Сонымен қатар, 30 қаңтар күні Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан «Аспандияр» мейрамханасы 50-ге жуық адамның қатысуымен туған күн өткізіп, карантин режимін бұзса, Абдрахманов көшесінде орналасқан «Лото» ойын-сауық клубы жұмыс жасап, карантин талаптарын бұзғандығы анықталды. Аталған клуб ішінде шамамен 10-ға жуық адам болған.
31 қаңтар күні сағат 16:30 шамасында Азаттық көшесінде орналасқан «Маша и Медведь» мейрамханасы 10-ға жуық адамның қатысуымен, Алмагүл мөлтек ауданында орналасқан “Кәусар” мейрамханасы 50-ге жуық адамның қатысуымен , Баймұханов көшесінде орналасқан “Сұлтан Холл” мейрамханасы 40-тан астам адамның қатысуымен туған күн өткізіп, карантин режимін бұзса, сол күні Жұмыскер поселкесінде орналасқан «Керемет” моншасы карантин талаптарын бұзып, өз жұмысын жалғастырғандығы анықталды.
Сонымен қатар, 31 қаңтар күні Құлманов көшесінде орналасқан «Персона А» киімдер дүкені, Тайманов көшесінде орналасқан
“Белучи” әйелдер киім дүкені жексенбі күні жұмыс жасап, карантин режимін бұзғандығы анықталды.
Анықталған деректерге қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолданды.
Айта кетейік, Атырау облыстық бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың 21 қаңтардағы №1 қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары сағат 20:00 дейін, азық-түлік дүкендері сағат 22:00 дейін ғана жұмысын жалғастыруға рұқсат етілген.
Ал, моншалар, сауналар,СПА орталықтары, бассейндералдын ала жазылу бойынша, тек жұмыс күндері 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіліп, сенбі және жексенбі күндері жұмыс жасауға тыйым салынған.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.