Атыраулық жанкүйерлер облыс әкіміне ШҰҒЫЛ ҮНДЕУ жариялады! (+ВИДЕО)
Атыраулық футбол жанкүйерлері легионерлердің ойынына риза емес.
Атыраулық жанкүйерлер жергілікті футбол клубын таратып, қайта жасақтауды талап етуде. Себебі, олар командадағы легионерлердің ойынына риза емес. Жылына қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінетін бұл клуб құрдымға кетіп барады дейді олар. Ал, ай сайын миллиондар төленетін шетелдік ойыншылар жоғары деңгейде өнер көрсете алмады деп ашулы. Сондықтан легионерлерді үйіне қайтарып, ұтылса да жасыл алаңға өз ойыншыларымыз шықсын дейді жанкүйерлер.
Жеңілістен көз ашпаған Атырау командасының өнеріне жергілікті жанкүйерлер наразы. Өткен аптада ғана өз алаңында Ордабасыдан оңбай ұтылған еді. Осы ойыннан кейін жанкүйерлер шу шығарды. Олар әсіресе жалақысы жоғары шетелдік легионерлердің өнеріне көңіліміз толмайды дейді. Сондықтан команданы келімсектерден тазартып, жастарға мүмкіндік беруді талап етуде.
— Біздікілер ойнасын. 5-6 адам ойнаса да қарсы емеспіз.
Жанкүйерлердің бұл наразылығы әлі басылмады. Олар команданы таратып, жергілікті ойыншылардан жасақтауды талап етеді. Өйткені ұтылса да өз футболшыларымыз тәжірибе жинайды деген пікірде. Жылына қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінетін спорттың соңғы жылдары тым құлдырап кеткенін айтады.
Жалғас Күзембаев, жанкүйер:
— Футбол енді дамымайды. Өйткені өсіп келе жатқан балаларды өлтіріп жатыр бұлар. Алған игроктары Россиядан қалғандары ойнамайтын, бір жыл, екі жыл ойнамағандар. Сол игроктар дұрыс нәтиже көрсетпейді.
Боран Мұхамбетжанов, жанкүйер:
— Атырау футболының құлдырауы сенімгерлік басқаруға берілгеннен басталды. Жыл сайын құрдымға кетіп барады. Мемлекеттен қаржыны алады бірақ ешкімнің алдында есеп бермейді. Ойыншыларды жанжақтан жинап алған. Атыраулық ойыншыларды кезекке қойған. Бірақ мүлде ойнатпайды. Бұл бассыздық.
Ал «Атырау» футбол клубына 5 ай бұрын ғана келдік деген менеджер бірден жақсы нәтиже көрсету мүмкін еместігін айтады. Сондықтан жанкүйерлер бізден Реал Мадридтің ойынын күтпесін деп кекетті.
Әлішер Абсалямов, «Атырау» футбол клубының бас менеджері:
— Бес ай ішінде бәрін жасау мүмкін емес. Бұл кәсіби спорт. Біз бес ай бұрын ғана келдік. Сиқыршы еміспіз ғой. Сонда Реал Мадридді әкелейік пе? Болмайды.
Десе де наразы жанкүйерлер бағы ашылмаған Атырау футболын жеке адамдардан алып, мемлекеттік басқаруға қайтарса дейді. Тіпті осы талап-тілектерін айтып, облыс әкімі Серік Шапкеновке үндеу жариялады.
Дереккөз: ktk.kz