
Жеңіс рухы мәңгі асқақ!
Атырау қаласындағы “Насиха” сауда орталығында Ұлттық ұланның әскери оркестрі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Ұлы Жеңіске 100 күн қалғанда” атты акция аясында соғыс жылдарының патриоттық әндерін орындап, қала тұрғындарына ерекше рухани тарту жасады. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ардагерлерге құрмет көрсету және тарихи оқиғалардың маңыздылығын қоғамға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада көпшілікке етене таныс “Катюша”, “Журавли”, “Смуглянка” сынды әндер көрермендерге ерекше әсер сыйлап, соғыс жылдарының ауыр кезеңдерін еске түсірді.
Кенеттен ұйымдастырылған концерт қала тұрғындары мен қонақтарын бей-жай қалдырмады. Көпшілік патриоттық әндерге қосылып, әскерилердің орындауына тәнті болды. Олардың қатарында Жеңісті жақындатқан ардагерлер мен олардың ұрпақтары да бар.

– Бұл әндерді тыңдағанда жүрек тебіренеді. Майдан даласындағы сарбаздар дәл осындай әндерді тыңдап, жеңіске деген сенімдерін нығайтқан. Осындай шаралар жас ұрпаққа тарихымызды ұмытпауға көмектеседі, – деді қала тұрғыны Айнұр Ниязқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай патриоттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Әскери оркестр қаладағы түрлі қоғамдық орындарда өнер көрсетіп, халыққа Жеңіс рухын сезіндіруді көздеп отыр.
Концерт соңында көрермендер оркестрге ұзақ қол шапалақтап, алғыстарын білдірді. Осылайша, Атырау тұрғындары майдан әндерінің үнін тағы бір мәрте сезініп, жауынгерлер рухына тағзым етті.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ