
Жеңімпаздардың ізі
Ұлы Отан соғысы – миллиондаған адамның өмірін қиған, халқымыздың жадында мәңгі сақталатын ерлік пен батырлықтың, отансүйгіштіктің асқақ үлгісі. Соғыс басталған сәттен-ақ елдің әрбір азаматы бұл зұлматқа бейжай қарамай, Отан қорғауды азаматтық парызы деп білді. Қолына қару алған әр жауынгер майдан даласында жан аямай шайқасып, Жеңіс күнін жақындатуға бар күш-жігерін жұмсады.
Туған өлкем – Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданынан майданға 7 мыңға жуық адам аттанып, солардың жартысынан астамы туған жерге оралмапты. Қай майданда болмасын ауданның ұл-қыздары батырлық пен қайсарлықтың биік үлгісін көрсетті.
Бүгінгі бейбіт өмірде, Жеңістің 80 жылдығын атап өтіп жатқан тұста, мен де батыр аталарымның ерлігі туралы кейінгі ұрпаққа жеткізуді өз парызым деп санадым. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан, елге оралып, қарапайым еңбек адамы болған ардақты аталарымның өмір жолын, майдандағы ерлік істерін келер ұрпаққа аманат ету – рухани мұра деп есептеймін.
Нар тұлғалы Нарынбай
Немере атам Нарынбай Ибрагимов 1920 жылы қазіргі Құрманғазы ауданы, Дыңғызыл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Колхозда жұмыс жасап жүргенінде 1942 жылдың 5 қаңтарында әскер қатарына алынады. Орынбор маңында әскери дайындықтан өтіп, Украина майданында соғысқа кірген. Дон өзені бойындағы шайқаста жеңіл жараланып, қайтадан майданға оралады. Алайда 1943 жылдың 20 қаңтарында аяғынан ауыр жараланып, Моңғолияның астанасы Улан-Батыр қаласындағы госпитальда ұзақ емделіп, «соғысқа жарамсыз» деп танылып, елге қайтады.
1944–1950 жылдары Ворошилов атындағы колхозда еңбек етіп, 1975 жылы зейнетке шыққан. 1999 жылы өмірден өткен Нарынбай атам Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Оның майдандағы қайсарлығы мен еңбек жолындағы адалдығы – бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Адал еңбек иесі
Нағашы атам Ғайсин Жамалиден 1900 жылы дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан ол ерте жастан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығында жұмыс істеген. Соғыс басталғанда майданға аттанып, 164-атқыштар дивизиясының 742-полкі құрамында шайқасқан. Бірнеше рет ауыр жарақат алып, ұзақ емделіп, 1944 жылы елге оралыпты. Соғыстан соң ауылда еңбек етіп, 1965 жылы дүниеден өткен. Атама 1946 жылы «1941–1945 жж. Германияны жеңгені үшін» медалі табысталған.
1944 жылы Майра есімді анамызбен отбасын құрып, бір ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір олардың ұрпақтары атаның ерлігін мақтанышпен еске алып, ұлықтап жүр.
Жарты қолмен жүз қызмет атқарған батыр
Жамалиден атамның інісі Займолла Ғайсин 1923 жылы Қошалақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы көктемде әскерге алынып, 176-қосалқы атқыштар полкі, 293-дивизия құрамында Сталинград майданында шайқасқан екен. Украина мен Ростов үшін болған ұрыстарға қатысып, соңғысында ауыр жараланып, бір қолынан айырылып, 1943 жылы елге оралады.
Жарақатына қарамай, соғыстан кейін ауыл шаруашылығына сүбелі үлес қосқан. Займолла атамыз ерекше қасиетімен есте қалған – ол ел ішінде емшілік қасиетімен, қолының шипасымен танымал болыпты. 1981 жылы зейнетке шығып, 1998 жылы дүниеден өтті. Ол да І дәрежелі Отан соғысы ордені мен бірнеше жауынгерлік медальдің иегері.
Еліне оралмаған ер
Өкінішке қарай, соғыстан оралмаған боздақтардың есімі бүгінге дейін толық анықталып біткен жоқ. Солардың бірі – менің қайын атам Есен Айбаталиев. 1904 жылы Теңіз ауданы, Байда ауылында туған. Шортанбай балық зауытында жұмыс істеп жүрген кезінде соғысқа шақыртылып, қызыл армияның 345-дивизиясы, 1165-полкі құрамында шайқасқан.
«Боздақтар» кітабындағы және Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатындағы деректерге сүйенсек, Есен атамыз 1941 жылдың желтоқсанында хабарсыз кеткен. 1942 жылы наурызда «қаза тапты» деп танылған. Ол Қырым АКСР-індегі Севастополь қаласының маңындағы «Мекензиев таулары» станциясында жерленген. Осындай нақты мәліметтер – кейінгі ұрпақ үшін құнды дерек және рухани мұра.
Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мыңнан астам адамның тең жартысы елге оралмады. 600 мыңнан астам боздақ қаза тауып, 271 мыңнан астамы хабарсыз кеткен. Солардың ішінде аталарым да болған еді. Олар жайлы қандай да бір дерек қалдыру – мен үшін парыз. Бұл мақалада келтірілген өмір жолдары келер ұрпаққа тағылым болар деп сенемін.
Бүгінгі бейбіт күн – сол батырлардың жанқияр ерлігінің жемісі. Сондықтан есімдері көмескі тартпау үшін әрбіріміз тарих алдындағы жауапкершілігімізді терең сезінуіміз керек. Еліне, жеріне жанын қиған ерлердің рухы алдында мәңгі қарыздармыз!
Эльмира ИБРАГИМОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері